Кеше Елбасының қатысуымен Астанада түркі еліне мәшһүр саяси қайраткер Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші ашылғанын көрдік. Осыған орай, көпшілік саясаткерлер айтып жүрген ататүрікшілдік немесе кемализм ұғымының мәні туралы білгім келеді.
Мадияр НҮСІПЖАН, Астана қаласы
Мұстафа Кемал 1881 жылғы 19 мамырда Селаник қаласында дүниеге келіп, сонда әскери мектепті, сосын Ыстамбұлда Бас штабтың академиясын бітірді. Осман империясын күйреткен Антантаға қарсы соққы беріп, 1923 жылы 29 қазанда тәуелсіз Түркия Республикасын жариялады. 1925 жылы Григориан календарын енгізді, 1926 жылы ерлер мен әйелдердің теңестіретін азаматтық кодекске қол қойды. 1928 жылы мемлекеттен дінді бөлді, сол жылы латын қарпін қабылады. 1934 жылы 24 қарашада Ататүрік атағына ие болды. Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің ішкі және сыртқы саясаты принциптерінің жиынтығын құрайтын «ататүрікшілдік» немесе «кемализм» бағыты Түркияның мемлекеттік идеологиясының негізін қалады. 1937 жылы Түркия Конституциясына енгізілген ататүрікшілдіктің алты қағидасы: 1) республикашылдық; 2) халықшылдық; 3) ұлтшылдық; 4) мемлекетшілдік; 5) зайырлылық; 6) революцияшылдық (тоқырауға жол бермеу, үнемі даму үстінде болу).