Ата-аналық құқықтан қандай жағдайда айырады?
Ата-ана қандай жағдайда өзінің ата-аналық құқықтарынан айырылатыны жайлы білгім келеді. Алдын ала рақмет.
Шынар САТЫБАЛДИЕВА, Алматы облысы
Ата-аналық құқықтан айыру жағдайлары Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» Заңының 67-бабында қарастырылған. Егер ата-аналар немесе олардың біреуі ата-ана міндеттерін орындаудан, оның ішінде алимент төлеуден қасақана жалтаратын болса; өз баласын перзентханадан не өзге де балаларды тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да мекемелерден алудан дәлелді себептерсіз бас тартса; өздерінің ата-ана құқықтарын пайдаланып, балаларына қиянат жасаса; балаларға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде олардың денесіне немесе психикасына зорлық-зомбылық жасаса, олардың жыныстық пәктігіне қастандық жасаса; заңдарда белгіленген тәртіппен маскүнемдікпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған болса, өз балаларының не жұбайының өміріне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаған жағдайда ата-аналар құқығынан айырылуы мүмкін.