Аштықта адам жегендер жайлы құжаттар қайда бар?
Жаппай ашаршылық жылдары халқымыз бірін-бірі жеуге шейін барды ғой. Қазақ жеріндегі адам етін жеу деректері туралы құжаттар сақталған ба?
Алмат, Қарағанды қаласы
Ашаршылық кезіндегі каннибализм деректері туралы құжаттарды НКВД мұрағаттарынан кездестіруге болады. Ғаламторда мұндай құжаттар РФ мемлекеттік мұрағаты, Ресей экономикасының мемлекеттік мұрағаты, Ресей әлеуметтік-саяси оқиғалар мемлекеттік мұрағаты, Ресей қауіпсіздік саласы федералды қызметінің орталық мұрағаты құжаттары жинақталған rusarchives.ru сайтында да бар. Одан «КСРО-дағы ашаршылық» тақырыбы бойынша қажет мәліметтерді алуға болады. Аштық жылдарындағы кісі етін жеу – жан сақтауға мәжбүрліктен, көбіне бейсаналы түрде болған әрекет. 1933 жылдың 31 наурызында КСРО ІІХҚ Жұмысшы-шаруалар милициясы бас басқармасы Қазақстанда «Адам жегіштік және адам етін жеу мақсатымен кісі өлтіру туралы» арнайы хаттаманы толтырған. Онда Әулиеата қаласында ақпан айында бір әйелдің 6-7 жасар баланың етін пісіріп, базарға апарғаны, Өзбек зиратында қазақ ер адам мен 22 жастағы қазақ қызының дене мүшелері табылғаны туралы айтылған. Сонымен бірге Қарқаралы түрмесіне әлдекімнің бір әйел адамның піскен етін әкелгені тіркелген. Осындай құжаттар өте көп. Тақырып зерттеуді қажет етеді.