Астық қоймасы көбейіп жатыр
Өткен жылдары біздің елімізде астық сақтау қоймалары тапшы екені жиі айтылатын. Осы мәселені шешу жағы қалай? Астық сақтайтын орындар салынды ма, әлде «баяғы жартас – сол жартас» күйінде ме?
Нұртай Әбікенұлы
«ҚазАгро» холдингі соңғы екі жыл ішінде жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 14 астық қоймасын пайдалануға тапсырған-тұғын. Бұл 313 мың тонна астықты сақтауға мүмкіндік береді.
Ал биылғы жылдың соңына дейін сыйымдылығы 61 мың тонналық бес астық қоймасын іске қосу жоспарланған. Оның екеуі – Ақмола облысында, үшеуі – Солтүстік Қазақстан облысында. Бұдан басқа, Ақмола облысында 2013 жылы 12 мың тонналық тағы бір қойманың (құны 261,5 млн) құрылысы аяқталмақ. «ҚазАгро» құрамындағы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» да бюджет қаржысы есебінен астық терминалдарының құрылысын қолға алмақшы. Айталық, Оңтүстік Қазақстан облысында – 200 мың тонна, Ақтөбе облысында – 150 мың тонна, Маңғыстау облысында 50 мың тонна астық сақтайтын қоймалар салуды көздеп отыр. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында 100 мың тонналық, оның ішінде 30 мың тоннасы майлы дақылдарды сақтауға арналған қойма салынады. Егер қаржы мәселесі оң шешімін тапса, бұл нысандар 2014 жылдың екінші жартысында іске қосылуы тиіс.