Еліміздің бас қаласы – Астананың тұңғыш әкімі кім? Астана ел ордасы болғалы оны қандай азаматтар басқарды?
Берік ҚҰРАЛБАЕВ, Алматы облысы
Астана қаласының ең алғашқы әкімі – Әділбек Жақсыбеков. Ол Есіл жағасында әлемдік қала құрылысы үрдістері негізінде бой көтере бастаған бас қаланы 1997 жылдың желтоқсанынан бастап, 2003 жылдың маусымына дейін басқарды. Бұрынғы Ақмоланың құрылысын, инфрақұрылымын астана мәртебесі бар қала талаптарына сай түбегейлі өзгерту мен алғашқы күрделі әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық мәселелерді шешу Әділбек Жақсыбековтің қайраткерлігіне сын болды. «Бәйтерек» монументінің салынып, елдің қастерлі нышанына айналуы, басқа да зәулім ғимараттардың бой түзеуі – елорданы Жақсыбеков басқарған тұс. Әділбек Жақсыбеков бүгінде (2009 жылдың 24 маусымынан бері) – ҚР қорғаныс министрі. Астана қаласының әкімі қызметіне одан кейін Өмірзақ Шөкеев, Асқар Мәминдер тағайындалды. Ал 2008 жылдан бері Астананың әкімі – Иманғали Тасмағамбетов.