Астана әуежайының тарихы 1931 жылдан басталды
Астана әуежайының тарихы жайлы білгім келеді? Бұл қалада ең алғашқы ұшырылымдар қашан басталды?
Айдана, Арқалық қаласы
Астана әуежайының тарихы 1931 жылғы 1 желтоқсаннан басталады. Дәл сол күні ең алғаш Ақмола және Семей арасындағы тұрақты әуе қатынастары іске қосылды. Бірақ бұл аймақта су тасқыны жиі болатындықтан, әуежай көбінесе жабық жағдайда жұмыс жасады. 1934 жылы ұшулардың бағдар картасы кеңейтілді. 1940 жылы әуежай маңынан қосымша ғимараттар салынып, Лисунов Ли-2 сияқты әуе көліктері (Douglas DC-3 кеңестік түрі) ұша бастады. 1951 жылы бірінші рет ұшу-қону жолағы кеңейтіліп, бұл әуежайға Ил-14 сияқты ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік берілді. 1959 жылы жергілікті рейстерді орындайтын Ақмола біріккен авиажасағы негізделіп, Антонов-2 ұшақтары қона бастады. 1960 жылдардан кейінгі кезеңде Ил-18, Ту-154 сынды ұшақтар ұшып-қонатын әуежайға айналды. 1975 жылдан бастап Алматы – Целиноград – Мәскеу бағыттары ашылды. Астана Қазақстанның жаңа елордасы болған уақыттан бастап әуежайды жаңартуға көп күш жұмсалды. Соның нәтижесінде қазір Астана халықаралық әуежайы (TSE) қандай да ауа райы жағдайларында барлық ұшақ түрлерін қабылдай алатын дәрежеге жетті.