Астан уланғанда не істеу керек?
Жаз кезінде әртүрлі жеміс-жидек жегің келеді. Бірақ оның қаншалықты таза екенін білмей, ауырып қалып жатамыз. Әсіресе жол жүрген кездері астан улану жағдайы бола қалса, не істеуге болады?
Зарина ДҮБІРБАЕВА, Қостанай қаласы
Жаз айы – демалыс айы. Жазда қыдырып, жолға шыққанда бір қорап дәрілерді алып жүруге тура келеді. Бірақ олардың бәрі пайдаға аса бермейтіні анық. Бетін ары қылсын, дегенмен пойызда астан уланып қалғандай жағдай болса, ең тиімді және қолжетімді мына бір кеңесті есте ұстаңыз.
1 литр қайнаған суға 1 қасық ас тұзын қосып араластырып, бірнеше жұтымнан демалып отырып ішіңіз. Көп ұзамай ішіңіздің ауырғаны басылады. Кішкене бала болса, мұның көлемін азайту керек. Яғни бір стақан суға – бір шай қасық ас тұзы.
Ал егер табиғат аясында жүріп, осындай жағдайға душар болсаңыз, мұның да шешуі табылады. Еменнің қабығы немесе түймедақ (ромашка) гүлінің бір алақан шұқырындай көлемін алып,1 стақан қайнаған суға салып, кішкене қоя тұрыңыз да, сәлден соң сүзіп, суын ішіңіз. Ал оған мүмкіндік болмаса, онда әлгілерді аузыңызға салып, сөлін сорыңыз. Астан улану шамалы уақыттан соң-ақ басылады. Табиғат аясында табиғаттың өзі осылай көмек береді.