Кезінде Қазақстанды ғана емес, Кеңес Одағын, тіпті дүниежүзін тамсандырған Абсент атты тұлпарымыз болатын.
Қайсар Жолдыбаев, Алматы қаласы
Жалпы, Абсент туралы көптеген аңызға бергісіз әңгімелер бар. Қатарынан үш Олимпиада ойындарына қатысып, Олимпиадаға 12 жылын арнаған Абсент 1960 жылғы Рим Олимпиадасында Кеңес Одағына алтын медаль әперген болатын. Бірақ Абсенттің өмірінің соңы оңай болған жоқ. Кейбір деректерге сүйенсек, қасиетті сәйгүлігіміздің соғымға сойылып кете жаздаған кезі де болған екен. Бірақ кейбір абзал адамдардың араласуымен Абсент, әйтеуір, пышаққа түсуден аман қалған. Қайта денесі тік тұрғызылып жерленген. Ал мұндай құрметке тек үлкен жетістікке жеткен сәйгүліктер ғана ие болады.
Сонымен, Абсенттің ескерткіші Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Көгершін елді мекенінде орнатылған. Мүсін таза мыстан құйылған. Бірақ атбегі мамандардың айтуынша, мүсін Абсентке онша ұқсаңқырамайтын көрінеді, әрі аса үлкен емес, шағын ғана.