Армиясы жоқ елдер
АҚШ, Қытай, Ресей секілді Қарулы Күштері қуатты елдердің бары белгілі. Ал қай елдердің армиясы жоқ?
Жандархан, Талғар
Рим-католик шіркеуінің резиденциясы орналасқан Ватиканда армия деген атымен жоқ. Дегенмен Римнің аумағындағы Ватиканның қауіпсіздігіне Италия әскері жауап береді. Ал Италияның 300 мыңдай әскері және 50 мың адамдық теңіз флоты бар. 1968 жылы тәуелсіздігін жария еткен Тынық мұхиттағы Науру мемлекеті Қарулы Күштерден ада. 14 мың ғана халқы бар елді кім қорғайды дейсіз ғой, ол – Австралия. Науру мен кенгурулер елі әскери қолдау көрсету туралы бейресми келісім жасасқан. 1940 жылы Германия Науруға шабуыл жасаған кезде Австралия әскері аралды немістерден қорғауға кіріскен. Шағын ел Лихтенштейннің шетіне жау тисе қорғайтын әскері жоқ. Қорғансыз Маршалл аралдары мен Гренада, Палау елдері АҚШ-тың ерікті қауымдастығына енгендіктен, олар Сэм ағайдың әскерінің қамқорлығында. Андорра деген кішкентай елге ешкім тиісе алмайды, себебі бұл елдің қауіпсіздігін Франция, Испания және НАТО күштері өз мойнына алған. Жаңа Зеландияға арқа сүйейтін Самоа, Австралияға сенім артқан Соломон аралдары алаңсыз күн кешіп жатыр. 1947 жылғы америкалық келісімге сәйкес, Коста-Риканы АҚШ, Чили, Куба әскерлері қорғайды.