Араб әйелдері неліктен қара түсті киінеді?
Жақында құрбым Дубайға саяхаттап баратын болды да, ол жақты зерттей бастады. Сонда таңғалғаны, ондағы әйелдер жабық әрі қара түсті киінеді екен. Құрбым да қара түсті хиджап тіктіруге мәжбүр болды. Осы араб әйелдерінің неліктен қара киінетінін түсіндіре аласыздар ма?
Мадина КЕНЖЕБАЕВА, Алматы
– Мұның ең бірінші себебі Шиға мәзхабының сенімінде жатыр. Шиғалар үшін Құран сөзі, ондағы айтылған әрбір сөз – заң. Ал қасиетті Құран Кәрімде әйел баласының ер назарын өзіне аудармауы тиістігі айтылған. Олай болса, саусағы мен бетінен басқа жерінің барлығын жабумен қатар, сол жамылған киімнің түсі де көз тартарлық болмауы тиіс. Міне, осы себепті тек араб қана емес, Иран, Малайзия секілді мұсылман елдеріндегі әйелдер де қара түсті пәренже жамылады немесе хиджап киеді. Сондай-ақ кейбір деректерге сүйенсек, бұл «әйел – ердің көлеңкесі» деген философияға да байланысты дейді. Көлеңке демекші, 1554-1562 жылдары Австрияның Түркиядағы елшісі болып қызмет еткен Огер де Бусбек отанындағы досына жазған хатында Ыстамбулға алғаш келгендегі өзінің көрген жағдайлары жайлы айта келіп, әйелдердің үсті-басы толығымен жабық және қара түсте киінетініне таңғалып, оларды бейне бір көлеңке секілді деп жазады.