Ақысыз демалысты одан әрі жалғастыруыма бола ма?
Мен бала күтіміне байланысты үшінші жыл ақысыз демалыста отырмын. Қараша айының соңында демалыс уақыты аяқталады. Осы орайда менің білгім келгені, ақысыз демалысты одан әрі жалғастыруыма бола ма?
Райгүл Ниетқазина, Шығыс Қазақстан облысы
Жоқ, себебі ҚР Еңбек кодексінің 195-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкерге бала үш жасқа толғанға дейін баланың күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысты ғана беруге міндетті. Ал Кодекстің 111-бабына сәйкес қызметкердің өтініші негізінде оған жалақы сақталмайтын демалыс еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша берілуі мүмкін деп көрсетілген. Бұл бап бойынша жұмыс беруші жұмыскерге жалақы сақталмайтын күнтізбелік бес күнге дейінгі демалысты беруге міндетті жағдайларға: неке тіркеу, бала туу, жақын туыстарының қайтыс болуы жағдайлары жатады. Осы орайда бала үш жасқа толғанға дейін баланың күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысыңыз аяқталысымен, жалақы сақталмайтын демалысқа сіз жұмыс беруші келісім берген жағдайда ғана шыға аласыз. Бұл ретте, жалақы сақталмайтын демалыстың ұзақтығы қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша белгіленеді.