Анықтама алу үшін елге келуім міндетті ме?
Мен Қазақстан азаматымын, Алматыда туып-өстім, бірақ жұмыс орным Ресейде. Сол себепті талай жылдан бері Ресейде тұрып жатырмын. Жуырда осы жақта некеге тұрайын десем, Қазақстаннан некеге қабілетті екенімді растайтын анықтама сұратты. Оны Алматыға бармай-ақ алдыруға бола ма?
Әлібек АМАНБАЕВ, РФ, Астрахань облысы
Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының айтуынша, ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, некеге құқықтық қабілетті растайтын анықтаманы облыс орталықтарындағы және республикалық маңызы бар басқа қалалардағы тіркеуші органдардан мұрағатты тексеру негізінде алуға болады. Егер 16-ға толған азамат Қазақстан аумағынан шыққанға дейін бірнеше тұрғылықты мекенжайға тіркелген болса, мұрағат соңғы мекенжайы бойынша тексеріледі. Анықтама алу үшін жеке куәлік қажет, егер азамат бұрын некеде болса, сол некенің бұзылғаны туралы куәлік те талап етіледі. Қазіргі заңнамаларға сәйкес, мұндай анықтаманы алу үшін шетелде тұратын Қазақстанның кез келген азаматы елге келіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуші органдарға жолығуы міндетті.