Аң аулауға рұқсат беретін куәлікті қайдан аламын?
Аңшы ретінде куәлік алу үшін қандай мекемеге хабарласуым керек? Аңшылар қоғамына мүше болу үшін қанша көлемде жарна алынады?
Болат Өскенбаев, Атырау облысы
ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мамандарының мәліметінше, ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңының 33-1-бабына сәйкес, аңшы куәлігін берумен аңшылар мен аңшылық шаруашылық субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің акредиттелген республикалық қауымдастығы айналысуы керек. Дәл қазіргі жағдайда Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитетінің акредиттеуімен мұндай құзырға «Қансонар» республикалық қауымдастығы ие. Оның филиалдары барлық аймақта бар. ҚР Салық кодексінің 540-бабына сәйкес, аңшы куәлігін беру мен жыл сайынғы тіркеу үшін айлық есептік көрсеткіштің 10%-ы көлемінде мемлекеттік баж алынады, басқа төлемдер қарастырылмаған.