Аман Төлеевтің туған жері қайда?
Ресейдің Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев ағамыз жайлы білгіміз келеді. Ол Қазақстанда туған ба?
Ғазиз ТҰРАНҰЛЫ, Алматы облысы
Ұлты қазақ Төлеев Аман Ғұмырұлы 1944 жылы 13 мамыр күні Түрікменстанның Красноводск (қазіргі Түрікменбашы) қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Новосибирск теміржол инженерлері институтын, одан кейін 1989 жылы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Еңбек жолын 1964 жылы Кемерово облысында теміржолшы болып бастаған. 1967-73 жылдары Новокузнецкідегі Мундыбаш стансысында кезекші, бастықтың көмекшісі, стансы бастығы, 1973-85 жылдары Междуречинск теміржол стансысының бастығы, Кемерово теміржолының Новокузнецк бөлімшесі бастығының орынбасары, бөлімше бастығы, 1985-88 жылдары Кемерово облыстық партия комитетінде көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі, 1988-90 жылдары Кемерово теміржолының бастығы болды. 1990-93 жылдары РКФСР (кейінгі РФ) Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кемерово облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, 1994-96 жылдары Кемерово облыстық заң шығарушы жиналыстың төрағасы, 1996-97 жылдары РФ-ның ТМД елдерімен қарым-қатынас министрі қызметтерін атқарды. Ол 1997 жылдан Кемерово облысының губернаторы болып қызмет атқарады. Бұған дейін үш рет (1991, 1996, 2000) РФ Президенттігіне кандидат болып тіркелген. Саяси қайраткер, технология ғылымының докторы Аман Төлеев бірнеше публицистикалық кітаптарды жарыққа шығарған. Сондай-ақ Ресейдің, Украинаның, Қазақстанның, Беларусьтің, Моңғолияның көптеген ордендерімен марапатталған. Саяси тұлға ретінде бірнеше рет Қазақстанда ресми сапармен болып қайтқан.