Қызымның құлағын тестіріп, алтын сырға тағайын деп едім. Бір таныс құрбым: «Алтын бұйымнан аллергия болу мүмкін, сондықтан алдын ала дәрігерге қызыңды тексерткенің дұрыс» – дейді. Алтыннан да аллергия болуы мүмкін бе?
Данагүл, Алматы облысы
Аллерголог мамандардың айтуынша, шынымен де, кейбір қыз-келіншектер алтын таға алмайды, алтын сырғадан құлағы ісініп кетеді, жүзік салса, оның орны қызарып, ұсақ бөртпе шығады екен.
Алтын бұйымның аллергиялық әсері бірден білінбеуі мүмкін. Көп жағдайда 7-14 күнде белгі бере бастайды. Ал қолыңыздағы жүзікті алып тастағаннан кейін оның орнындағы бөртпеден бір аптасыз құтыла алмайсыз.
Негізінде, аллергияны тудыратын алтынның өзі емес, одан жасалатын бұйымды берік ету үшін қосылатын қоспалар көрінеді. Айталық, мыс, мырыш немесе никель. Алтын бұйымның сары әлде қызыл түсті болуы да сол қоспаларға байланысты. Қоспасыз алтын жоқ. Тіпті тіс қаптау үшін пайдаланылатын стоматологиялық алтынның құрамында да 10 пайыз қоспа болады. Кейде алтыннан тіс салдырған адамның аяқастынан азапқа қалатыны бар – ауыз қуысында ұсақ жара пайда болады, қызарып, қышып, мазаны алады, бір түрлі дәм сезіледі. Мұндайдың алдын алу жолы – тіс салдырмас бұрын дәрігермен кеңесіп, алтынға аллергияңыз бар ма, жоқ па – соны анықтау.
Алтын жақпайтын қыз-келіншектерге дәрігерлер күміс не платина бұйымдарға көшу жөнінде кеңес береді.
Алтыннан да аллергия болуы мүмкін бе?
Последние статьи автора