Алтын жіп шынымен болған ба?
Қолөнер тарихында алтын жіппен кестелеу деген бар. Сонда кестенің бұл түріне қолданылған жіптер шынымен де таза алтыннан болған ба?
Айжан ҒАНИҚЫЗЫ, Талғар
Алтын жіппен кестелеу Русь жерінде ерте замандардан-ақ белгілі болған. Бірнеше жүздеген жылдар бойы патша әулеті мен сарайдағылардың және шіркеу маңындағылардың киімдері, сондай-ақ шіркеуде тұтынатын заттар алтынмен өрнектеліп келген. Сондай-ақ қарапайым бойжеткендер де өз киімдерін байларша сәндеп киюге кет әрі болмаған.
XVI ғасырға дейін шеберлер өте жіңішке, бірақ нағыз алтыннан жасалған жіпті пайдаланған. Кейінірек шиыршықталған жібек жіпті алтын немесе күміс сыммен, кейде алтынға буланған металмен орайтын болған. Алтын жіппен кестелеу – ұзақ еңбекті қажет ететін күрделі процесс. Ең әуелі матаны таңдап алу керек. Содан кейін сюжетті композицияның немесе әшекейдің кескіні салынады. Сосын тірек мата кергіш жақтауға тік бұрышталып тартылады, ал жоғарғы жағынан шебер өрнек салатын басқа мата тігіледі. Қазір тоқыма жұмыстарына арналған машиналар бар болғанымен, нағыз шеберлер осыдан 800 жыл бұрынғыдай қолмен жұмыс істейді. Сондықтан алтын жіппен кестелеу қолөнер түрі болып есептеледі.