«Алтын парашют» кімдікі?
Жақында лауазымды біреуге қатысты «оның алтын парашюті бар» деген сөз естідім. Мұны қалай түсінуге болады?
Әлихан БЕРЕКЕҰЛЫ, Атырау
«Алтын парашют» – компанияның жоғары лауазымды атқарушысын жұмысқа жалдау туралы шарттағы ол жұмыстан босатылған немесе кеткен жағдайдағы оған берілетін артықшылықтар мен жеңілдіктерді көздейтін тармақ, бап. Сондай-ақ кіріккен жағдайда акционерлік қоғамның басшыларына төленетін компенсация деуге болады. АҚ басшылары «алтын парашютті» кірігуге қарсы пайдалана алады. Мұндай жағдайда АҚ қызметін реттейтін құжаттарға біршама өзгерістер енгізіледі. Мәселен, акционерлік қоғамның жаңа билігі бұрынғы басшыларды жұмыстан шығарған кезде оларға ірі көлемде жәрдемақы төлеуі мүмкін. Жақында Ресей тарихында тұңғыш рет «Северная казна» банкінің менеджерлері 72 млн рубль (2 млн 214 мың $) көлеміндегі «алтын парашютке» қол жеткізгенін айтуға болады.