Астанада алтын сақтайтын мұражай бар деп естіп едім. Ол қандай мұражай? Әйгілі «Алтын адам» сол жерде сақтаулы ма?
Бұл мұражай кезінде Қазақ КСР-інің Мәдениет бойынша Мемлекеттік комитетінің Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайы ретінде құрылған. 2000 жылы Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысына сәйкес, мұражай «Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайы» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. 2000 жылы елордасы – Астана қаласына көшіріліп, Қазақстан Республикасының Президенттік Мәдениет орталығына орналасты.
Мұражай Қазақстанның көне заманнан осы күнге дейінгі зергерлік өнер ескерткіштерінің басты қоймасы саналады. Онда бағалы металдар мен тастардан жасалған тарихи-мәдени мұралар зерттеліп, жәдігерлерге қатысты ғылыми-ақпараттық жұмыстар жүргізіледі.
Мұражай қоры жыл сайын жаңа бірегей экспонаттармен толықтырылып отырады. Мұражайдың негізгі жәдігері Алматы маңындағы «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адам» болып табылады.
Бүгінгі күнге дейін Мұражай экспонаттары көптеген шет мемлекеттерге шығып, көрмелерге қатысты, ол жұмысты бұдан былай да жалғастыра бермек. Атап айтсақ, олардың қатарында Финляндия, Жапония, Франция, Германия, АҚШ, Италия, Моңғолия, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, бұрынғы ТМД елдері бар.