Жыл сайын бірінші қыркүйек келгенде, теледидардан «Алпамыс мектепке барады» фильмін асыға күтеміз. Баланың мектепке құштарлығын арттыратын осынау көркем дүние қай жылы түсірілген және режиссері кім? Алпамыстың рөлінде ойнаған сүйкімді бала кім? Фильм қандай да бір жүлдеге ие болды ма?
Асхат МЕЙРАМБАЙҰЛЫ, Тараз қаласы
Қанша заман өтсе де көрерменін еш жалықтырмай, керісінше сағындыра түсетін «Алпамыс мектепке барады» фильмінің тарихы сонау 1975 жылдан басталады. «Қазақфильм» студиясына сол жылы Роза Хуснутдинованың сценарийі бойынша «Алпамыс идет в школу» деген атпен келген сценарийді белгілі режиссер Абдолла Қарсақбаев бір оқып шыққаннан кейін-ақ актер іздеу, киносынақ жасау, киім дайындау секілді әзірлік шаруаларына қызу кірісіп кетеді.
Алпамыстың рөлінде ойнаған Ермек Төлепбаев ол кезде алтыға толмаған екен. Ермек сәл бұрынырақ Тұраш Ыбыраевтың «Белый автомобиль» деген қысқа метражды фильміне түсіп, содан режиссердің көзіне түссе керек. Тағы бір қызықты кейіпкер: жай жүрмей, жүрген жерін өртеп жүретін, бірақ қанша бұзық болса да, сол сотқарлығының ар жағында ертеңгі күні «адам» болып кететіні көрініп тұратын Қалиханның рөлінде Ұлан Сарбасов атты жеткіншек ойнапты.
«Алпамыс мектепке барады» — 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық кинофестивальда «Бала психологиясын жақсы ашқаны үшін» атты ең таңдаулы балалар фильміне берілетін бас жүлдені жеңіп алады.