Алматыда сәбилерге жиі қойылатын есімдер белгілі болды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Әділет департаментінің өкілі Ләззат Сыдықова мегаполисте қыздар мен ұлдарға жиі қойылатын есімдерді атады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау басшысының міндетін атқарушы Ләззат Сыдықованың айтуынша, биыл балаларға араб есімдерін қою жиілеген. Ата-аналар араб тілінен аударғанда мағынасы бар есімдерді таңдауға тырысады.
«2022 жылы танымал есімдер негізінен - Абай, Омар, Ислам, Марк, Мұхаммед, Әли, Алан, Хамза. Қыздарға Томирис, Елігай, Зере, Тоғжан, Амелия, Рамина есімдерін жиі қояды. Ал үшемдер арасында Қасым, Жомарт, Кемел атты есімдер де кездесіп жатады», - дейді Ләззат Сыдықова.
Айтуынша, әзірге АХАТ органдарына жақында өткен сайлау құрметіне өз балаларын Сайлау деп атауға өтініштер түспеген.
Еске салайық, Алматыда сайлау күні 60 бала дүниеге келген. Оның 26-ы ұл бала, 34-і қыз бала.