Бұрын республика бойынша нашақорлар саны жөнінен Қарағанды облысы алдыңғы орында еді. Соңғы уақытта оңтүстік астанада есірткіқұмар жастар көбейіп кетті дегенді жиі еститін болдым. Алматыда қанша нашақор тіркелген?
Алмас Бақытұлы, Жәйрем қаласы
Алматы қалалық Ішкі істер департаменті мамандарының мәліметі бойынша, оңтүстік астананың емдеу орындарында ресми тіркеуде тұрған нашақорлар саны жеті жарым мыңнан асып жығылады. Олардың 37 пайыздан астамы, яғни 2770-і – 18 бен 29 жас аралығындағы жастар. Денсаулық сақтау мамандарының болжамынша, есірткіге тәуелділер санының бейресми көрсеткіші бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Себебі бұрын есірткіге тәуелділіктен емделгендердің арасында оған қайта бас ұрғандар бар. Қаладағы нашақорлар санын азайту мақсатында есірткімен күрес қатаң бақылауға алынған. Мәселен, тек өткен жылы ғана мұнда заңсыз айналымнан 130 келіден астам есірткі заттары тәркіленіпті.