Алимент бойынша борышкерлер тізімін қайдан көруге болады?
Алимент жөнінен борышкерлердің тізімі ғаламторда жарияланады деп естіген едім. Соны қай жерден көруге болады? Борышкерлердің ел аумағынан шығуына тыйым салынатыны рас па?
Рафхат Егембердиев, Алматы облысы
ҚР Әділет министрлігі мамандарының мәліметінше, алимент бойынша борышкер азаматтардан атқару өндірісі негізінде алимент өндіру мүмкін болмаған кезде борышкерлердің республика аумағынан шығуына тыйым салынатыны рас. Биыл еліміз бойынша 1309 борышкерге ел аумағынан шығуға шектеу қойылған. Жылдың басынан бері алимент өндіруге байланысты 189 733 атқару құжаты орындауда болған. 400-ден астам борышкердің мүлкіне тыйым салынып, 266 азамат әкімшілік, тағы 428 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Іздеуде жүрген 61 борышкер анықталып отыр. Алимент бойынша және басқа да себептермен борышкер деп танылып, шетелге шығуына тыйым салынған азаматтар тізімін Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсынан http://kisa.adilet.gov.kz сілтемесі бойынша қарауға болады.