Алғашқы қуыршақ қойылымы қандай?
Біз тұңғыш қазақ киносын («Амангелді»), тұңғыш қазақ мультфильмін («Қарлығаштың құйрығы неге айыр?») білеміз. Ал тұңғыш қазақ қуыршақ спектаклін білмейді екенбіз. Жалпы, қуыршақ театры біздің елде қашан құрылған?
Назигүл МАТАЙҚЫЗЫ, Орал қаласы
Мемлекеттік қуыршақ театры 1935 жылы Алматы қаласында құрылған. Бұл қазақ театрлары арасындағы ең көне қуыршақ театрларының бірі болып табылады. Осы уақыт ішінде театр сахнасында барлық жүйедегі қуыршақтар – қарапайым жіппен жүргізілетін қуыршақтан бастап, күрделі марионеткаларға дейін көрсетілді. Театр талантты актерлердің бірнеше буынын – қуыршақ шеберлері, режиссерлер, суретшілерді тәрбиелеп шығарды, олардың көпшілігі жылдар бойы театрға, қуыршақ өнеріне адал қызмет етіп келеді. Театрдың іргетасын қалаған, оның шығармашылығының қалыптасуына атсалысқан адамдар – режиссерлер Ю.Рутковский, П.Пашков, Л.Ленгорская, В.Горенберг, талантты актерлер Н.Трегубенко, Ш.Қадыров, Т.Майская, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Б.Слонов, Б.Парманов, бас режиссер және көркемдік жетекшісі А.Михайлов және П.Поторока, ҚР Халық әртістері С.Шукуров пен С.Қабиғожина. Театрдағы алғашқы қойылым – «Алдар көсе» ертегісі. Режиссерлері – Қазақ драма театрының жетекші актерлері Қ.Бадыров пен С.Телғарин. Ал Л.Хамиди, Б.Ерзакович сынды композиторлар қойылымдарды музыкалық жағынан көркемдеді.
Театрдың репертуары әлі күнге дейін негізінен халық ертегілері, шығыс және шетел ертегілерінен тұрады.