Әлемдегі «семіз» елдер
Жуырда сіздердің газеттеріңіз ел халқының семіріп бара жатқаны туралы мақала жазған болатын. Осы ретте сұрайтыным, әлемде қай елдерде семіру мәселесі өзекті болып тұр?
Сандуғаш ИТЕМБАЕВА, Талғар
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қытай, Үндістан, ОАР, Бразилия елдерінде жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім көлемінің өсуімен бірге семіру мәселесі де күшейіп барады. Соңғы онжылдықта дамушы елдерде семіру деңгейі халықтың табыс деңгейінен әлдеқайда шапшаң өсуде. АҚШ-тың ересек жұртының 68 пайызының, ал балалардың 40 пайызының артық салмағы бар. Семіру жөнінен АҚШ-тан кейінгі орындағы әр жетінші ересек мексикалық тұрғын семіруден зардап шегеді. Еуропада семіздік бойынша Германия алда, бұл елде жыл сайын семіздік ауруларына қарсы 21,7 миллиард евро жұмсалады екен. Қытай халқының 100 миллионнан астамы семіздікке душар болған, 2005 жылы бұл көрсеткіш 18 миллион ғана болатын. Бразилияның 5-10 жас аралығындағы ұл балаларының 16 пайызына жуығы, қыз балаларының 12 пайызы артық салмақтан зардап шегеді. Семіз адамдардың үлесі Жапонияда – 3 пайыз, Оңтүстік Кореяда – 4 пайыз.