Әлемдегі ең инновациялық 50 ел

Қазақстан болашақта бәсекеге қабілетті 50 елдің, 30 елдің қатарына енуді жоспарлап отыр. Менің білгім келетіні, инновацияға бейім елдерге кімдер жатады?
Нұртас, Алматы
Bloomberg агенттігі әлемдегі ең инновациялы 50 елдің тізімін жариялады. Бұл зерттеуде әлемдегі барлық елдер қарастырылды. 200 мемлекеттің арасынан 96 ел таңдап алынып, солардың ішінде тағы бір сараптама жасалды. Негізінен, жоғары технологиялардың игерілуі, аэроғарыштық, қорғаныстық, биотехнологиялық, интернет, аппараттармен қамсыздандыру секілді критерийлер ескерілді және жоғары технологиялармен жұмыс жасайтын компаниялардың саны есепке алынды. Нәтижесінде, әлемдегі ең инновациялық мемлекет АҚШ болып шықты. Аталған ел жоғарғы технологияны игеру жағынан ешкімге дес бермейді екен. Екінші орында – Оңтүстік Корея. Шағын Кореяның Samsung компаниясы америкалық Apple-мен үзеңгі қағыстырып келе жатқаны белгілі. Үшінші орында – Германия, төртінші – Финляндия, бесінші – Швеция. Алғашқы ондыққа сонымен қатар Жапония, Сингапур, Австрия, Дания, Франция елдері кіреді. Көршілес елдерден Ресей – 14-орында, Қытай – 29-орында, Белоруссия 49-орыннан көрінді. Түркі халықтарының арасынан Түркия 37-орында тұр.





