Әлемде тәуелсіздігі танылмаған қанша ел бар?
Әлемде 200-ден астам тәуелсіз ел бары мәлім. Ал әлемде тәуелсіздігі танылмаған мемлекеттер туралы қысқаша білуге бола ма?
Ғани Нұрғалиев, Алматы облысы
Әлемдегі тәуелсіздігі танылмаған елдерді жіпке тізетін болсақ, олардың саны тәуелсіз елдерден асып түсуі мүмкін. Тәуелсіздігі танылмаған елдерді халықаралық қауымдастықта мүлде танылмаған және ішінара танылған деп екіге жіктеуге болады. Мысалы, посткеңестік кеңістіктегі Молдовадағы Приднестровье, Таулы Қарабақ, Африка құрлығындағы Сомали территориясындағы Сомалиленд, Пунтленд, Галдумуг, Нортленд елдері, Пәкістандағы Вазиристан, Мьянмадағы Шан және Ва елдері өз тәуелсіздігін мойындата алған жоқ. Кейбір елдердің тәуелсіздігі әлемдік қауымдастықтың бір бөлігінің тарапынан мойындалды. Мысалы, Сахара араб демократиялық республикасын 49 ел, Палестинаны 97 ел, Косовоны 60 ел, Тайваньды 23 ел, Абхазия мен Оңтүстік Осетияны екі ел ғана мойындап отыр.
Ал кейбір елдер өзара бір-бірінің тәуелсіздігін мойындамайды. Израиль мемлекетінің өзі көптеген араб елдерінің тарапынан тәуелсіздігі таныла қойған жоқ. Сол сияқты Қытай Тайваньның, Чехия мен Словакия Лихтеншейннің, ал Лихтеншейн Чехия мен Словакияның, КХДР Оңтүстік Кореяның, Жапонияның, Францияның, Оңтүстік Корея КХДР-дың тәуелсіздігін мойындай қойған жоқ.