Кейбір мемлекеттердің ресми атаулары «халықтық республика» деп айтылады.
Ермек МҮЛІКБАЕВ, Талғар
Халықтық республика атауы 1917-1920 жылдары бұрынғы Ресей, Австро-Венгрияның территорияларындағы мемлекеттерге тән болды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, яғни 1945 жылдардан бастап «халықтық республика» аталатын мемлекеттер коммунистік елдер деп атала бастады. Термин түсінігі бойынша, мемлекет негізінен халықтың мүддесін қорғайтындықтан халықтық республика деп аталады. Кейбір мемлекеттердің ресми атауында әлі де «халықтық» деген сөз бар. Мысалы, 1949 жылдан бастап көршілес ел Қытай Халық Республикасы болып бекітілсе, жалпақ әлем – Солтүстік Корея дейтін мемлекет 1948 жылдан бері ресми түрде Корей Халықтық Демократиялық Республикасы аталады. Африкада орналасқан Алжир елінің ресми аты – тәуелсіздік алған 1962 жылдан бастап Алжир Халықтық Демократиялық Республикасы. 1971 жылдан Бангладеш те – Бангладеш Халықтық Республикасы, ал 1975 жылдан Лаос Лаос Халықтық Демократиялық Республикасы деп аталады. 1989-1990 жылдары Еуропаның көптеген мемлекеттері ресми атындағы «халықтық республика» деген сөзді алып тастады.