«Алаш айнасының» ақпарат кеңістігіндегі орнын қалай бағалайсыз?
Серік МАЛЕЕВ, «Алтын Орда» интернет-газетінің бас редакторы:
– Қазақтілді газеттердің көбі оқырманға қызықсыз тақырыптарды жазып, сол себепті оқылмайтын деңгейге жетеді. Ал «Алаш айнасы» – ең жақсы оқылатын басылым. Оқиғаларға өте жедел үн қатады, оларға дәлме-дәл бағасын бере біледі. Журналистердің кәсіби деңгейінің жоғарылығын ерекше атап өткім келеді. Ұжымда жас журналистер көп, бірақ жастығына қарамастан, олар өте жақсы жазады. Кәсіби деңгей дегенде, журналистердің ғана емес, корректорлардың, бет қаттаушылардың, дизайнерлердің еңбегін айтуға болады, яғни жақсы безендіріледі, фотосуреттердің сұрыпталуы жақсы. Осының бәрі газеттің республикалық басылым мәртебесіне сай келетінін аңғартады. Бұл – басылымның бас редакторы жұмысын кәсіби деңгейде жүргізіп отыр деген сөз. «Алаш айнасының» ең басты артықшылығы – тәуелсіз елді дамыту форматында жұмыс істеуі. Газеттің бұл идеологиясы, меніңше, өте дұрыс.
Артур НЫҒМЕТОВ, публицист, саясаттанушы:
– «Алаш айнасы» қазіргі кезде қазақ баспасөзі арасында ең беделді, абыройлы басылымдардың бірі болып тұр. Өзім бұл газеттің тұрақты оқырманымын. Қашанда халықтың жоғын жоқтап, жырын жырлап жүрген «Алаш айнасы» ғұмырлы болсын! Қоғамның ең бір көкейкесті мәселелерін ортаға салып жүрген соң газеттің бағытына ризамын. Газеттің ең басты ерекшелігі – алғашқы санынан соңғы санына дейін ұлттық мүддені қорғауы, оның ұлттық сипатта болуы. Басылым халықтың сүйіспеншілігіне ие болып отыр.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ, ақын, журналист, Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:
– Қазақ журналистикасына әртүрлі бағыттағы газеттер өте көп қажет. Себебі біздің ақпараттық кеңістікте орыстілді басылымдардың экспансиясы бар. Өзімізде шығатын орыстілді газеттер жан-жақты бағытта. Сондықтан сан алуан аудиторияны қамтитын басылымдардың көбейгені керек. Бұрын бізде «Егемен Қазақстаннан» басқа қазақтың күнделікті газеті болған жоқ, бертінде «Айқын» мен «Алаш айнасы» шықты. Соның ішінде «Алаш айнасы» ресмиден басқа, түрлі тақырыптарға еркін барады. Бұған қоса, маған бұл газеттің жеделдігі ұнайды. Тағы бір ерекшелігі – әртараптылығы: қоғамда болып жатқан жағдайларға біржақты қарамайды.
Ғабит МҮСІРЕП, «Нұр Астана» республикалық жастар апталығының бас редакторы, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты:
– Басылымның өзіндік бет-бейнесі бар. Шын мәніндегі Алаштың айнасына айналған мазмұны жоғары газет. Ашығын айтсам, кейде газет журналистерінің ұлан-ғайыр еңбегінің Алаш жұртының басым бөлігіне дерлік жетпей жатқаны қиналтады. Басылым бетіндегі журналистердің тынымсыз еңбегінің арқасында дүниеге келген туындыны 150 000 отбасы оқығанда ғой, қоғамдағы ой да тезірек өзгерер ме еді деген тілектің үстіндемін. «Алаш айнасының» Алаш баспасөзінің көшбасшысына айналуына мың тілектеспін. 1000-шы нөмір миллиондарға ұлассын!