Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясы деген үлкен білім мекемесі бар екенін білемін. Онда нақты қандай мамандар дайындалады?
Арсен БЕКЕНҰЛЫ, Ақтөбе қаласы
Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясы биыл өзінің 15 жылдығын атап өтпек.
Осы жылдар ішінде біршама игі шаруалар атқарылды. Атап айтқанда, жоғары оқу орнында 600-ге тарта мемлекеттік қызметкер даярланып, 17 мыңнан астам қызметкер қайта даярлау мен біліктілігін арттырудан өткен. Мұнда жыл сайын 200-ге жуық магистрлар оқып, 2000 мемлекеттік қызметкер, 500 сот және сот жүйесінің қызметкерлері, 40 шақты дипломатиялық сала жұмысшылары академия қабырғасында біліктілігін арттырады.
Кәсіби мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын академияда ағымдағы жылғы тыңдаушылар саны 187 адамды құраса, оның 36-сы — дипломатия институты, 62-сі — мемлекеттік және жергілікті басқару, 65-і — сот институты, 24-і мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебіне қарасты болып отыр.
Академияның оқытушылар құрамы да жоғары білікті мамандардан жасақталған. Мұнда дәріс берушілердің басым бөлігі АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Италия, Сингапур, Ресей, Германия мен Қазақстан жоғары оқу орындарын бітіргендер болып табылады. Сондай-ақ оқытушы профессорлардың 70 пайызы доктор, ғылым кандидаты немесе PhD докторлығының академиялық деңгейіне ие мамандар.