Аймақтардағы журналистер даярлайтын оқу орындары жабыла ма?
Мен келесі жылы мектеп бітіремін. Журналист болсам деген арманым бар. Осы орайда менің білгім келгені, елімізде журналистер даярлайтын қанша оқу орны бар? «Алдағы жылы аймақтарда журналистер даярлайтын оқу орындары жабылады» деген сөз рас па?
Балжан, Шығыс Қазақстан облысы
Бүгінгі таңда, әлемде ақпараттың алдыңғы қатарға шыққан заманында БАҚ-тардың саны Қазақстанда 2,5 мыңнан асып отыр. Оған қоса, агенттіктерде баспасөз хатшылары жұмыс істейді. Ал республикамызда журналистика мамандарын даярлайтын 27 оқу орны бар. Былтыр министрліктен журналистикаға 60 грант бөлінді. Оның ішінде қазақ бөліміне – 35, орыс бөліміне – 25 орын. Алдағы уақытта грант саны өседі деп күтілуде.
Аймақтардағы журналистер даярлайтын оқу орындарының жабылуы жайлы Еуразия ұлттық университетінде болған жиында министр Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Серік Мәуленұлына: «Алдағы уақытта журналистика мамандарын даярлайтын оқу орны тек Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болуы керек. Өзге қалалардағы журналистика даярлайтын бөлімшелер өздерінің журналист мамандарын даярлауға мүмкіншіліктері бар екендігін дәлелдей алса, жұмыстарын ары қарай жалғастырсын, ал бәсекеге қабілеттілік таныта алмағандарынан журналистика мамандарын даярлау туралы лицензияларын алу керек», – деген тапсырма берген.