Айда да көл мен теңіз бола ма?
Айда да Жердегі сияқты өзен-көл бар деп жатады. Шынымен де, Айда табиғи суқоймалар бола ма?
Нұржанат Сембаев, Ақтөбе қаласы
Proceedings of the National Academy of Sciences журналында жарияланған мақаланың мәліметінше, Айдан әкелінген топыраққа химиялық талдау жүргізген бір топ ғалым Жердің табиғи серігіндегі судың көлемі бұрын айтылып жүргеннен 100 есе көп екенін анықтаған. Ғылыми-зерттеу нәтижесіне қарағанда, Айда өзен-көл де, тіпті теңіз де болуы мүмкін. Ай топырағын Африка аумағынан табылған метеориттермен салыстыра зерттегенде, Айдағы табиғи материалдардың гидрооксильді иондарға (ОН-) бай екені анықталды. Бірақ Жерден бір айырмашылығы – Айда су бөлшектері бір орынға жиылмай, аспан денесінің әр түкпіріне, түрлі қабаттарына шашылып кеткен.