Аяқ ауыстыру отасы жасала ма?
Жақын туысым оқыс оқиғаға тап болып екі аяғынан айырылды. Медициналық мүмкіндіктеріміз адамның ағза мүшелерін ауыстыруға қол жеткізгенін естіп жатырмыз. Айтыңыздаршы, аяқ ауыстыру отасы жасала ма?
Мейірхат СЕМБАЙҰЛЫ, Алматы
Расында, еліміздің медициналық мүмкіндіктері жыл санап дамып келеді. Қазіргі кезде өзімізде жүрек, бүйрек, бауыр алмастыруға шамамыз жете бастады. Аяқ ауыстыру ісі – әлемде енді ғана қолға алынған шаруа. Испания дәрiгерлерi адамның екi аяғын бiрдей ауыстыру отасын жасаған. Бұл – бұрын-соңды жасалмаған операция. Педро Кавадас бастаған бiр топ дәрiгер бұған дейiн адамның бетiн, жақ сүйегiн, өзге де мүшелерiн трансплантациялаған. Ал бұл операцияға дәрiгерлер былтырғы жылдан бастап дайындалыпты. Халықаралық трансплантология қауымдастығы испандық хирургтерге бұл операцияны жасауға рұқсат еткен.
Адамға екi аяқты қайта жалғап тiккеннен гөрi кәдiмгi протездердi салу әлдеқайда оңай әрi қауiпсiз екен. Алайда испандық дәрiгерлер протез салуға келмейтiн адамға донор тауып, екi аяғын ауыстырып салып берген. Трансплантациядан соң ағза қалпына келуi үшiн ұзақ уақыт керек. Өзге бiреудiң аяғы ағзамен бiтiсiп кетуi үшiн бiрнеше ай қажет. Тiрек функциясы қалпына келуi үшiн де бiраз уақыт кететiн көрiнедi.