Жігітке керек мінездер:
Сабырлы болу. Сабырсыз жігіттің табаны сазға, қолы тазға тиеді. 2. Табанды болу. Жігерсіз жігіт өзін де, өзгені де дегеніне жеткізбейді. 3. Тұрақты болу. Тұрақсыз жігіттің қонысы әрдайым бұлақсыз болады. 4. Талапты болу. Талапсыз жігіт табан астына өзі барып түседі. 5. Туысшыл болу. Туысына жат жігіт ту көтеріп жарытпас. 6. Табысты болу. Табыссыз жігіт үйде есек, түзде тезек болады. 7. Намысты болу. Жігіт намыссыз болса, тірідей өлді, өзін-өзі көмді де.
Қыз байлығы:
Пәк болу. Қыздың пәктігі Алла берген ең үлкен қазынасы. 2. Әдепті болу. Қыз әдепті болса, көзің қуанып, жүрегің жылиды. 3. Таза болу. Бойы таза болмаса, жақсы әйел болмақ ойы да тазармас. 4. Пысық болу. Жеті жұт салақпен сегіз, олақпен тоғыз болады. 5. Ұстамды болу. Өзін ұстай алмаған келген бақты ұстап тұра алмайды. 6. Ұқыпты болу. Жоқтан бар жасай алмаған барды ұқсата алмайды. 7. Иманды болу. Иман осы алтауының түп негізгі бастауы, алтын тірегі.
7 серік:
Көркем мінез – өміріңнің айнасы. 2. Ақ ниет – Алладан аларың. 3. Тазалық – иманыңның жартысы.4. Ұқыптылық – Алланың аманаты. 5. Еңбек – түбі зейнет. 6. Құлшылық – өзіңді қорғау. 7. Білім – жарық сәулең.
Мінезі жаман адамнан жақсы адамдар алыс жүреді, сол себепті көрер жақсылығы да аз болады. Мінезі қырыс болса жолы да қырыс, айналасы тар, арты құз, алды жар болады.
- Ниеті бұзық пенде онысын айналасынан жасырғанымен Алладан жасыра алмайды, ал несібе таратушы оның ниетіне сай етіп ырзық пен қайғы, қуаныш береді.
- Тазалық бар жерде жақсылық бар. Лас жерден періштелер қашып, шайтан шырмау салады. Әр адам өзінің бойы мен айналасын таза ұстауы керек.
- Маңдай теріңмен келген Құдайдың ризығын ысырап қылып, орынсыз шашу немесе тиімді жарата білмеу шөл далада ауызыңа тамызар суды аяқ астыңа ағызғанмен тең.
- Еңбек ету – мұратыңа жетудің жалғыз жолы. Еңбексіз масыл сананың өлген денеден айырмашылығы жоқ. Еңбек табысқа ғана емес, тиімді нәтижеге бағытталуы керек.
- Құдайыңа құлшылық жасау – өзіңнің кім екеніңді, не істеуің керегін, кімге баратыныңды ұмытпаудың жалғыз анық жолы. Құлшылығы бардың, жүрегінде тыныштық бар.
- Білім – көзге көрінбес мықты қаруың, алысты жақын етер дүрбің, қараңғыңды жарық етер сәулең. Білім – алдыңғы алты қасиеттің көкжиегін кеңейтер негізгі тірегі.
Ә. ЕРЖАН.