Адамға кім жақын?
Күні кешеге дейін «адамға ең жақын мақұлық – маймыл», тіпті «адам маймылдан жаралған» деп келген едік. Бірақ соңғы уақытта ғалымдар адамға маймылдан гөрі жақынырақ хайуанаттардың бар екенін анықтаған көрінеді.
Жауһар ОРДАБАЕВА, Алматы
Осыдан біраз бұрын шетелдік ғалымдар жан-жануарлардың ми қабілетіне сараптама жасаған екен. Зерттеу қорытындысы бойынша бірінші орынды – адам, екінші орынды дельфин иеленіпті. Ал үшінші орын – пілге, тек төртінші орын ғана маймылға тиесілі болған.
Ең бастысы, адам мен дельфиннің ұқсастығы – екеуінің де миының жоғары дамығандығында болып отыр. Мысалы, біздің миымыздың салмағы 1,4 кг шамасында болса, дельфиндікі тіпті 1,7 кг екен. Ал маймылдың миы одан үш есе аз. Шындығында, дельфиннің ми қатпарлары біздікінен екі есе көп. Былайша айтқанда, дельфин оқу-тоқуды білімді адамға қарағанда 1,5 есе артық меңгеруге қабілетті.