Адамға ең пайдалы кітап аталды
Кітап адам өмірін өзгерте алады. Ливерпулдегі университет ғалымдары осындай тұжырымға келіп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы The Daily Mail ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Ағылшын ғалымдарының пайымдауынша, бүгінде трендке айналған, адамның өмірге құштарлығын арттыруға арналған мотивациялық немесе байлаққа қол жеткізуге ынталандыратын «тренингтік» кітаптар емес, көркем туынды адамға пайдалы болып шықты.
Филипп Дэвис есімді профессордың айтуынша, классикалық көркем шығармалар өзге кітаптарға, тіпті, ғылыми тақырыпта жазылған кітаптарға да қарағанда адам миында күрделі процесс тудырып, адамның дүниетанымын кеңейтіп қоймай, сонымен қатар, ізгі қасиеттерге баулиды.
Әлбетте, мотивациялық кітаптар да адамның өмірін өзгерте алады, алайда, дәл көркем шығармадағыдай эффекті бере алмайды.
Бұған қоса, көркем туындылар, мамандардың сөзіне қарағанда, ауру симптомдарын баса алады, бұл өз кезегінде саз терапиясына ұқсайды.