Абылай хан арғымағын қалай атаған?
Жылқы малын жақсы көрмейтін қазақ жоқ шығар, соның бірі мен едім. Білгім келетіні, біздің хандар мен батырлар мінген тұлпарлардың тарихта аты қалғаны бар ма?
Жәнібек Есболған, Алматы
Әрине, тарихта иесімен бірге аты қалған тұлпарлар қазақта баршылық. Тізбекті сонау Қобыланды батырдың Тайбурылынан бастауға болады. Ол Тайбурылдың жүйріктігі сонша, қырық күншілік жолды бір күнде желіп өтетін болса керек. Жерде емес, оның тұяғы көкте қалқып жүргендей болғанын оқып отырған мына біздер сезініп кетеміз. Ал енді одан бергі замандарға келсек, Абылайдың арғымағы Нарқызыл деген атқа ие болса, Қабанбайдың – Құбас, Бөгенбайдың – Ақ кекіл, Олжабайдың – Тайкөк, Исатай батырдың ауыздығын шайнаған тұлпары Ақтабан аталса керек. Сондай-ақ бізге белгілі арғымақтардың тағы бірі – Дәулеткерей күйшінің Керторысы, Жасыбайдың Қоянкөгі.
Жалпы, қазақ жылқысының тарихы, жылқыға қатысты барлық жайттарды оқып-білем деген оқырманға былтыр «Алматыкітап» баспасынан тарихшы Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» атты көлемді энциклопедиялық кітабы жарық көргенін айтқымыз келеді. Ол кітап – тарихшының 20 жылдық еңбегінің жемісі.