Абайға қатысты тарихи жерлер қайда?
Абай туралы толық мәлімет алғым келеді. Оның туып-өскен ортасы, мекені, мұражайы мен зираты, жақындарына қатысты тарихи орындарды аралау үшін қайда барсам болады?
Салауат САҒЫМБЕК, Маңғыстау
Абайдың мұражайлары – Семей қаласы мен Жидебайда. Орталық Семейдегі Абайдың қорық-мұражайы арқылы басқарылады. Қорық-мұражай құрамына кіретіндер:
Семей: бас мұражай, Ахмет Риза мешіт-медресесі, «Алаш арыстары - М.Әуезов» мұражайы;
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы: М.Әуезовтің мұражай-үйі (Бөрілі), Абайдың мұражай-үйі (Жидебай), «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені, 16 мемориалдық ескерткіш кіретін 6400 гектарлық қорық алқабы (Жидебай), Шәкәрімнің «Саят қорасы» экспозициясы (Жидебай), Көкбай Жанатайұлы мешіт-медресесінің экспозициясы (Тақыр), Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі (Құндызды).
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы: Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы (Мақаншы).
Қорық құрамына кіретін тарихи орындар: Абайдың мұражай-үйі, «Абай – Шәкәрім» мавзолей кешені, Еркежан зираты, Зере – Ұлжан - Құдайберді зират қорғаны, Зұлғарыш қыстауы – Ақ баз, Кенгірбай мазары, Құнанбай құдығы, Махмұт қорасы, Мұсақұл төбесі, «Орыс қорасы», Оспан көлі, Оспан құдығы, Ырыздықбай қорасы, Шәкәрімнің «Саят қорасы» экспозициясы, Шәукенбай – Ғабитқан зират қорғаны.