Алғашқы өлеңдерін Абай өз атынан емес, неге досы Көкбайдың атынан жазған?
Сара, Алматы қаласы
Бұл сұраққа Абай мұражайының директоры, көкбайтанушы Ж.Әубәкір былайша жауап береді:
– М.Әуезовтің өзі Көкбайдың ақындығы туралы сөз қозғағанда: «Ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырыпсалма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай мұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады», – дейді. Ал Көкбай өз естелігінде: «1880 жылдан бастап 1886 жылдарға дейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақытта сөздерінің барлығын «Көкбай сөздері» деп жүргізді. Осы хал 1886 жылға шейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай қонып жатқан ауылды көріп, «осы суретті өлең қыл» деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып, бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой», – деді. Мен: «Асса, басында мен қолқалап алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз», – деп қалжыңдадым. Сөйтсем, сол күні «Жаздыгүн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғаш рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім – осы. Менің қалжыңыма орай қылып: «Сен соғымыңа бір ту бие ал, ал мен енді өлеңімді өзім алайын», – дейді.
Абай неге Көкбай болып шықты?
Последние статьи автора