6 ай жұмыс уақыты еңбек өтіліне санала ма?
Мен оқу бітірген соң осы уақытқа дейін алты ай алдымен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша, содан соң қоғамдық жұмыста тәжірибеден өттім. Енді мен ол жерден кетіп, басқа жерге жұмысқа орналастым. Менің білгім келгені, алдыңғы жұмыс істеген алты айым еңбек өтіліне санала ма? Бұрынғы жұмыс істеген жердегілер «бір жылға толмаса, еңбек кітапшасына жазуға болмайды» дейді. Осы заңды ма?
Марат Есіргепов, Шымкент қаласы
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшы мамандарының мәліметіне қарағанда, жалпы, еңбек заңнамасының талабы бойынша, егер жұмыс беруші жұмыскерді жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарып, қызметкермен еңбек шартын жасаса, жұмыс беруші жұмыскердің еңбек кітапшасына тиісті жазбалар енгізуге міндетті. Еңбек кітапшасына енгізілетін жазбалар бойынша еңбек өтілі есептеледі. Сондықтан егер сіз жұмыс берушімен еңбек келісімшартын жасасқан болсаңыз, сізді жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарылған болса, онда еңбек өтіліңізді еңбек кітапшасына жаздыруға құқылысыз.