Қандай мәселенің шешімін таппай жүрсіз? Мәселенің себеп-салдарын табуда қолданылатын әдіс-тәсілдердің патшасы саналатын – «5 НЕГЕ?» ережесін қолданыңыз!
Өмір сабақтарынан мол тәжірибе жинағандар «тірлік те, мәселе де адам өлгенше таусылмайды» дейді. Әр мәселенің себебін тауып, оны шешу арқылы адам тұлғалық, рухани даму сатыларынан өтіп, оның өресі өсе түседі. Ал, себеп-салдарды іздеуге, онымен күресуге ұмтылмаса, онда адам емес, мәселе өседі екен. Таңдау сізде!
Әрине, кім болса да біріншісін таңдайтыны да, қалайтыны да анық. Ал, мәселенің негізгі себебін анықтауға «5 НЕГЕ?» ережесін қолданып көріңіз. Бұл ереженің авторы – Toyota компаниясының негізін қалаушы Сакити Тойода. Ол «Мен компанияда туындаған кез келген мәселені бес рет «неге?» деген сұрақты қою арқылы шешетінмін. Бұл маған барлық кезде көмектескен. Сіз де бес рет «неге?» деген сұраққа жауап беру арқылы мәселеңіздің «мінезін» анықтап, одан құтылу үшін нақты нені істеу керек екенін, не нәрсеге басты назар аудару қажеттігін түсіне аласыз» дейді.
«5 НЕГЕ?» ережесі
Бүгінде бүкіл елге танымал Toyota компаниясының аяққа тұрып, ауқымын кеңейтуге ұдайы қолданылған «5 НЕГЕ?» техникасын ұсақ-түйек мәселелер мен отбасылық түсініспеушіліктер кезінде де қолдануға болады. Қиын ешнәрсесі жоқ.
МЫСАЛ
Мәселе: Соңғы үш айдан бері Сара мен күйеуі күнде ұрысады...
1-сұрақ: Неге жиі ұрысып жүрсіздер?
Сараның жауабы: Өйткені, күйеуім маған, балаларына көңіл бөлмей қойды.
2-сұрақ: Неге көңіл бөлмей қойды?
Сараның жауабы: Үйге тек ұйықтауға келетін болса, қайдан көңіл бөлсін?! Түн ортасында, кейде таңға жуық келеді.
3-сұрақ: Неге түн ортасында келеді? Оған дейін қайда болады?
Сараның жауабы: Жұмыста.
4-сұрақ: Неге жұмыста?
Сараның жауабы: Фирмасындағы жұмысы көп.
5-сұрақ: Неге жұмысы көп? Бұрын аз еді ме?
Сараның жауабы: Бас бухгалтері жұмыстан шығып кеткелі фирманың есебін өзі жүргізеді.
Мәселенің негізгі себебі табылды. Ол – бас бухгалтердің жұмыстан кетуі. Шешімі – бухгалтер табу.
Егер Сара күйеуінің арасындағы ұрыс-керіс мәселесін шешпек боп, оны жұмыстан уақытылы қайтуға түрлі әрекет жасап, тіпті «өтірік ауырып қалса» да, көп ұзамай мәселе қайта жалғасын табады. Ал, күйеуіне айтып жүріп, фирмаға бас бухгалтер алдырса, онда мәселе шешіледі.
Міне, «5 НЕГЕ?» ережесінің ерекшелігі осында. Мәселенің басты себебі 5-ші сұрақтан соң анықталады. Осыны есте ұстаңыз.
Сакити Тойоданың бұл ережесін реніш, жұмыссыздық, жалғыздық, қарыз, енемен егес, ағайынмен араздық, балаңыздың мінезі, өзіңізге көңіліңіздің толмауы... т.б. мәселелерді шешуде пайдалануға да болады. Бес рет "неге?" деп сұрақ қойып, жауап берсеңіз болғаны!
Сіздің дәл қазіргі басты мәселеңіз қайсы? Жазыңыз, «5 неге?» ережесінің техникасымен мәселені туғызған себепті бірге анықтайық.
Жазира СМАҒҰЛОВА,