«4-ті» «5-ке» өзгертуге бола ма?
Баламыздың болашақта «Алтын белгі» иегері атанғанын қалаймыз. Қазір 5-сыныпта. Алғашқы тоқсанда бір пәнді «4» деген бағамен тәмамдады. Мұндай бағаны кейін өзгертуге бола ма, мүмкін арнайы емтихан тапсыру қажет шығар?
Алтынай, Жамбыл облысы
ҚР Білім және ғылым министрлігі мамандарының түсіндіруінше, ҚР Үкіметінің 2007 жылдың 21 желтоқсанындағы №1253 қаулысына сәйкес, «Алтын белгі» орта және жалпы білім беру деңгейінің барлық пәні бойынша жылдық және қорытынды бағасы «5» болған және бірыңғай ұлттық тестілеуден «өте жақсы» деген баға алған мектеп түлегіне беріледі. Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылдың 18 наурызындағы №125 бұйрығымен бекітілген «Оқушылардың оқу үлгерімін бақылау мен аралық және қорытынды аттестацияны жүргізудің типтік ережелеріне» сәйкес, 5-11 сынып оқушыларының қорытынды бағасы тоқсандық, жылдық және емтихандық бағалар негізінде қойылады. Тоқсандық, жартыжылдық, жылдық және қорытынды бағаларды қайта қарауға рұқсат етілмейді.