18 жасқа толған соң мемлекеттік жәрдемақы төлеу тоқтап қалмай ма?
Біздің анамыз қайтыс болған. Қазір отбасымызда жалғыз әкеміз ғана жұмыс істейді. Інім колледждің күндізгі бөлімінде оқиды. Мамыр айында 18-ге толады. Осы орайда менің білгім келгені, інім 18-ге толған соң мемлекеттік жәрдемақы төлеу тоқтап қалмай ма?
Әсемгүл Әшірбекова, Ақмола облысы
«Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алуға асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған мүшелерінің құқығы бар. Сонымен бірге 18 жастан асқан білім алушы азаматтардың асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша күндізгі оқу нысанындағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жүйеде, жоғары білім беру жүйесінде оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ 23 жастан аспайтын шекте жәрдемақы алуға құқығы бар. Аталған заңға сәйкес, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері отбасының еңбекке жарамсыз мүшелерінің санына байланысты тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) мөлшерінен анықталады.