Ақылбайдың жалғыз әні хақында
Бір ән тауып Әлекең бер
деген соң,
Матай да алыс бірталай
жер деген соң.
Он минутта ойыма
осы ән түсті,
Қапаш-құпаш қолымды
сермеген соң,
– деп басталатын «Ақылбайдың әнін» әнсүйер әлеуметтің бірталайы біледі. Расында, Абайдың ақын ұлы Ақылбайдың артына өлең, поэма қалдырғанын қарапайым халық білмеуі де мүмкін. Дегенмен елдің құлағына «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің әні болып жетіп, халқының сүйікті әніне айналған әнді Ақылбайдың шығаратын жөні бар.
Ақылбайдың ақындығымен қоса, ән шығаратын композиторлық өнерінің болуына оның музыкаға құмарлығы себепші болса керек. Абай мұражайындағы қолжазба қорындағы Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамырзақовтың естелігінде Ақылбайдың сан қырлы өнері баяндалған: «Ақылбай сауықшыл, әнші, скрипкашы болатын... Домбырада қазақтың «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген ескі күйлерін тартатын. Скрипкада Абайдың әншісі атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін тартатын. Дойбы ойынында Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ».
Шыңғыстау өңірінде Ақылбайдың әйгілі бұл әнінен басқа әндері болған деседі. Ол туралы абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы да жазған еді: «Өз ойынан шығарған біз білетін екі әні бар. Біріншісі – «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға». Екіншісіне «мынандай өлеңмен айтылады» деп, жоғарыдағы біз келтірген «Ақылбайдың әнінің» алғашқы шумағын жазыпты.
Қайым ата айтып отырған «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға» дегені – бізге мәлім «Ақылбайдың әнінің» екінші шумағы. Тек бұл жерде орындаушылардың бізге жеткізген нұсқасындағы сөзінде өзгешеліктер бар:
– Ішік кидім бұлғыннан
құндыз жаға,
Жас дәуренді өткіздім
бермей баға.
Ақылжан деп тұрушы еді
талай қыздар,
Сұмдық шықты
дейтұғын Ақыл аға.
Бұл әнді әншілер қауымы Қазақ ССР Халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің орындауында үйреніп, айтып жүр. Негізгі жеткізушісі – жазушы Мұхтар Әуезов. Мұхаңның аузынан осы әнді Жүсіпбек атамыз алып қалғанда, жары Хабиба да куә болған. Қағылез апамыз ол туралы өзі айтып берген еді.
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Шараның (Жиенқұлова – автор) Болат дейтін баласы үйленіп жатқанда, тойдан соң бір топ адам қалып қойды. Мұқаң марқұм: «Сендер өңшең әншілер жиналып отыр екенсіңдер, мен сендерге бір ән үйретейін», – деді. Мұхтардың ән салғанын әлі ешкім естіген жоқ қой, елдің бәрінің есі шығып кетті. «Қайсың бұрын үйренсеңдер, соған бәйге береміз», – деп күлді. Сөйтті-дағы алдымен әннің туу тарихын баяндап берді: «Абайдың әншісі Әлмағамбеттің бір баласы дәулетті қайын жұртына барғалы жатып: «Оларды дүние апарып таңғалдыра алмаймыз, бір жақсы ән шығарып беріңіз, соны айтып барайық», – деп Ақылбайға қолқа салыпты. Тегінде Ақылбай Абайдың өзі ең осал санаған баласы болса керек. Сол осалдау баласының өзі небары бес-он минутта осы әнді шығарып тастапты», – деп Мұқаң шырқай жөнелді. Менің нені болсын, тез қағып ала қоятын зеректігім бар. Жүсекең оны біледі, сол үшін де «есіңде сақтап ал» деген ниетпен мені түртіп қалды. Ортамызда Күләш пен Құрманбек те бар. Әнді Мұқаң екі рет айтқанда, алдымен солар қағып алды. Үшінші айтқанда – Жүсекең, төртінші айтқанда Манарбек үйренді. Қазір ойлап қарасам, егер сол кезде Мұқаң әнді айтпағанда, «Ақылбайдың әні» бұл күнге жетер ме еді, жетпес пе еді, кім білсін?!.
Тегінде әнде «10 минутта ойыма түсті» дегендей, қас-қағым сәтте ән тудыру бүгінгі композиторларға қол болмаса керек. Бұрынғының сал-серілері өлеңді суырыпсалатыны сынды, ән де, әуен, мақам да ерекше шабыттанғанда туатын болар?!
Әннің туу тарихын Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында Ақылбайға тоқталғанда, былайша баян етіпті: «Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абайдың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тұраштың қайнына, күйеу жолдас болып барарында әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», – дегенде қолма-қол айтып берген әні екен».
Түйін
Ақын-композитор Ақылбайдың артында қалды деген небәрі екі әнінің бірі ғана жетіп, екіншісі ұмыт болған. «Ұмытылған екен» деп, жабулы қазан күйінде қалдырмай, әлі іздеу қажет. Бәлкім, табылып та қалар.