Ақылбайдың бел суы
...Көпсақау уақ руының қонысы екен. Қонысының олай аталуы, бір қауым туыстардың дені сақау болса керек. Арғы жағындағы арасы жарты шақырымнан салынған екі қора, алдындағы Қараған Ақтамақ қорасы, Ақтамақ қарағаны аталады. Бұл қоныстағы ағайындар да 1930 жылдардағы аштықта ірге көтерсе керек. Оны сол көп сақаудың бірі Жұмаш қарт айтқан еді.
Ал Ақтамақты Ақылбай ақынмен байланысты сөйлеуге керек. Ақыл ағаң Құнанбай мырза кенжесі саналып, неде болсын, еркін, алшаң жүрген ақынның «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңінде ұнамаудың сарыны болуы да Ақыл ағаңның жауапсыздау жүріс-тұрысынан болған секілді.
Ақтамақ атанған келіншектің есімі Көкен екен. Ақыл ағаң құмартып, Көкенге құштарлық көңілін білдіріп, сөз салса, келіншек Ақыл ағаң сөзін не терістемейді, не құптаса да орындамай, сөзбұйдаға салып, жігіттің төзімін тауысыпты-мыс. Ақылбай Көкенге арнап: «Асықтық сәлем айттым Көкеніме, жүре берме әркімнің жетегіне», – деп, өлеңді әнге де орапты. Қайырмасында:
«Көкен қалқам,
Саған айтам.
Қақтап сиыр саумасаң,
Сені кайтем», – дейді.
Осынша Ақыл ағаң ынтығы Көкен көркі ерекше болған. Жұрт лақаптап келіншекті Ақтамақ атандырғанда, біздің жұрт ауылды Ақтамақ ауылы, қарағанды да Ақтамақ қарағаны деп атап кеткен.
Енді Итжонның етегімен жүргенде Ақтамақ қонысынан үш шақырымдық мүйістен өте бергенде, қалың қарағанды күзе жатыр. Бұл – Әйгерім күзеулігі. Күзеу қорғаны, күзек тамының да іргетасы жатыр. Осы күзеуден шығысқа қарай үлкен алқап, адыр тесінде және бір қоныс – Ақылбайдың бел суы аталатын қоныс бар. Аты белдегі су болғанмен, бастау деуге лайық сияқты орын. Әйгерім күзеулігі мен Байтөбет қыстағының арақашықтығы бес шақырым. Осы екі ортадағы төбеде үлкен бір құламаған қыстау орны 1961 жылға дейін тұратын. Сол кездегі ұжым басшылары сол орынды «Әйгерім күзегі» атап, 1000 қойлық қыстақ салып, оны 1969 жылы тастап кеткен-тін. Сөйтсек, ол орын Өскембайдың үшінші баласы Жақыптың немересі Қырбасұлы Қожахметтің 20-жылдарда салдырған қорасы екен. Төрт-бес жылдан артық қыстамаса керек. Қожахмет Меккеге барған қажы күзеулігі – Тышқан бауырындағы Қожа адыры аталған жер. Күзеу орны бүгін бар.
Біз Тышқан биігі мен Аралтөбе, Байғабыл, Бөрілі тау төбелеріне де жеттік. Тышқан – Еренайдың Ақбиігімен жалғасып, Талдыбұлақты бауырына алып тұратын зор қабырға. Тышқан деген тетемдік, киелі атау десек те, қашан да, әсіресе қыста биік үсті тышқан арқасындай бір сызық болып көрінеді. Бұл биік аты соған ұқсатылып қойылған. Тышқан биігі іші-тысы бауыр жерінің Шыңғысы аталады. Бауырдың қандай қатты қысы болсын, осыдан бастап, Аралтөбе, Байғабыл – Бөрілі еліне өзге жерден жеңілдеу тиеді. Жер жадысын, мал жайын білер кісіге бұл өлкеде жайылысы болмайтын қыс сирек те.
Тышқан, Талдыбұлақ Ақылбай Абайұлының, оның бала, немерелерінің ата қонысы болған. Басында Ақылбай Нұрғаным қолында өскен шақтан бұл маңды күзеу етіп, кейіннен 1875-1880 жылдарда қора-жай салса керек. Нұрғанымның кейінде Құтайба қолына ауысып, Тесіпшыққаннан қора салғызып, Үлкен Ақшоқыға, Құнекең зиратына жерлегенін айтқанбыз. Тышқанда үлкен зират бар. Сол зиратта Ақылбайға әкесінің әлемдік мерекесіне байланысты Маңғыстаудың ұлутасынан тұрғызылған кереге там тұр. Біз білетіндерден зиратта Ақыл ағаңнан өзге бәйбішесі Бағила, жастай өлген Әлімқұлұлы Тайыр, Әлімқұлдың өзі жерленген. Ақыл аға дүние салған соң, бұл қонысқа Әлімқұл ие болады.