Қазбек Қашқабаев: Көпті көрген кісі (хикаят)

Қазбек Қашқабаев: Көпті көрген кісі   (хикаят)

Қазбек Қашқабаев: БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ҚОШТАСУ (хикаят)

Жалғасы. Басы: БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ҚОШТАСУ

 

Көпті көрген кісі 

Жолың болайын десе, ойламаған жерден бәрінің де қыбы табыла кетеді білем.  

Сәті түсіп, Шымкенттегі милиция мектебінің директоры болып істейтін Пернебай  нағашымның машинасы біздің үйдің алдына келіп тоқтаған кезде мен қорада қи ойып жатқанмын. Ауыл болған соң осы да енді; бірде ши орасың, бірде қи оясың, тағы бірде... Жә, жарайды, мұндағы шаруаның бәрін  жіпке тізіп айта берсең көп уақытыңды алады. Құдды бір, іш пыстыратын ұзын сонар тұрмыс-тіршіліктің жырын жырлауға кіріскендей боласың.

Әдетте, біздің ауылға ауық-ауық ат басын бұрып, қонақ боп тұратын Пернебай нағашымның «уазигінің» төбесі көрінген бойда алақайлап қуанып, алдынан жүгіріп шығушы ем. Менің мұндай күйімді көрген шұнақ құлақ Алабай да өрік ағашының көлеңкесінен атып тұрып, керіліп-созылып қақпаға қарай бүлкектей жөнелетін-ді.

Пернебай нағашымның машинасын ол да таниды. Иесінің бұл үйге жақын туыс, жақсы кісі екенін де біледі. Бірақ, тұқымы асыл, сабырлы, ақылды ит болғандықтан, шәу-шәу етіп, келген-кеткен кісінің мазасын ала беретін мәшкелер сияқты  шыжбалақтап жүгірмейді. Асықпай келіп, кезегін тосып тұрады.

Себебі, бірінші болып, мен асыла кетемін нағашымның мойнына. Балуан денелі, ақ көңіл, балажан Пернекең мені бұйым құрлы көрмей іліп алады да, маңдайымнан сүйіп, бауырына басады. Міне, осы сәтте оның дүниедегі ең жақын, ең бауырмал адам екенін мен тұла бойыммен сезініп, іші-бауырым елжіреп кетеді.

Мені құшағынан босатып, жерге түсірген соң ол Алабайдың басынан сипайды. Алабай да нағашымның аялы алақанының жылуын сезіп, көзін жұмып, рақмет айтқандай моп-момақан күйде рақаттана қыңсылап, қолын жалайды.

Әу баста бізге осы Алабайды қаладан әкеліп берген де Пернебай нағашымның өзі болатын. Ол кезде бұл балпанақтай ерке күшік еді. Апамның әйт-шәйт деп, жеңіл-желпі ұрысқанына былқ етпей, жаңа ғана сауып әкелген шелектегі сүтке ұмтылатын.

– Әй, мынада құлақ бар ма, жоқ па?! – деп шыр-пыр болушы еді сонда апам.

Алабайда әрине, құлақ бар. Бірақ, оны кішкентай күнінде бұрынғы иесі шұнтитып кесіп тастапты. Сірә, жастайынан қабаған өжет, болып өссін дегені болар.

Мен үсті-басымды қаққыштап, қорадан шығып келе жатқанымда Алабай да бүлкектеп машинаға қарай жүрді. «Тезірек болсаңшы, Пернебай нағашың күтіп қалады ғой!» дегендей, маған дүрдиіп қарап қояды. Бұл оның, бір жағынан, әуелгі кезек сенікі емес пе деп, маған алаңдап, ақылдылық танытып келе жатқаны екенін де ішім сезіп: «Жарайсың, Алабай! Нағашым сені бекер мақтамайды ғой!» деп риза боламын. Бірақ, бұл жолы бір айыбым бар адамдай кібіртіктеп, аяғымды қорғалақтай басып келе жатқан сиқтымын...

Бүгін кешке үй ішінде бір үлкен әңгіменің болатыны анық. Негізгі мәселе – менің оқуымның жайы. Пернебай нағашыма апамнан: «Біздің бала өстіп, бүлініп жүр. Өзің келіп, ақылыңды айтып, жөнге салып кетпесең болмас,» дегендей бір құпия хабар жеткенін ішім сезеді.

Бірақ, нағашым әзірге ол тапсырманы орындауға асықпайтын секілді. Ауылға келген сайын тамсанып:

– Паһ, паһ, шіркін, осы Қазығұрттың ауасын айтсаңшы! Жұтқан сайын сарайың ашылып, рақатқа батасың! – дейтін әңгімесін тағы да қайталап, тау жатқан ескен қоңыр салқан лепке кеудесін ашып, желпініп отыр.

Әдетте, апам оған:

– Қазығұрттың ауасы дәрі болса, қап-қап қып мәшинеңе тиеп алып кетсеңші. Құдайға шүкір, әзірге ауа тегін ғой, – деп күлуші еді.

Бұл жолы мұны артық әңгіме санағандай үндеген жоқ. Ал әкем болса, басын шұлғып, Пернебай нағашыма қарап езу тартып:

– Адам баласына әсте дауа бар ма?! Қырда отырса ойға кеткісі кеп, ойда отырса қырға шыққысы кеп тұратын әдеті ғой. Сол сияқты қаладағы кісіге ауылдың тіршілігі қызық көрінетіні рас та!.. – деп қояды.

Мен де ішімнен әкемді қостаймын. «Ауылда не бар? Қызықтың бәрі қалада емес пе» деймін.

Кенет апам төрде отырған нағашымның жүзіне тіктеп қарап:

– Иә, сөйтіп... мынау желөкпе жиеніңе не ақыл айтасың? – деп сұрады.

Ішім қылп ете қалды. Милиция формасындағы нағашым жаңа жүктің үстіне шешіп қоя салған фуражкасын қайта киіп, маған түсін суыта қарап: «А ну-ка встать! – деп әскери тәртіппен орысша айқай салатындай болып көрінеді. – Сен осы, не деп сандалып, қай-қайдағы бір ағылшынша-мағылшынша мектепке барамын деп жүрсің, а?!»

Төбе құйқам шымырлап бара жатқан сияқты. Желкеме бір ауыр жүк түскендей. Басым тұқшиып, жерге қарай иіле түсіпті. Күні бүгінге дейін нағашым маған айқайлап ұрыспақ түгілі, көңіліме тиетіндей бір ауыз қатты сөз айтпаған кісі еді...

Бірақ, бұл жолы ол ашу шақыруға тиісті сияқты. Себебі, алдын ала келісіп, жөн-жобасын ойластырып: «Мен директор болып отырғанда, саған милиция мектебінің есігі ашық емес пе. Сені оқытпағанда, кімді оқытам» деп, бір кездері үлкен сеніммен жасаған бәтуаларын бұзып, өз бетімше кетуге әрекет жасап жүрген жоқпын ба? Мұндайда нағашың тұрмақ, туған әкең де  аямайды...

Бұл – менің ішкі ойым.

Пернебай нағашым біраз ойланып, сонсоң есіне бір қызық нәрсе түскендей әуелі апама, содан соң, әкеме бір жымиып қарап алды да:

– Несі бар?! Мұратжанның жан-жақтағы жаңалықтардан хабардар болып,  құмартып, талаптанып жүргенін өз басым әбден қолдаймын, – деді. –Жаңа мектепке барамын десе, жолына кедергі болмайық. Көңілі қалаған оқуға құжаттарын тапсырып, бағын сынап көрсін.

– Ау, сонда... – деді әкем, «осы сен бірнәрсені ұмытып отырған жоқпысың» дегендей асығып, нағашымның сөзін бөліп.

Апам да өз құлағына өзі сенбегендей тіксініп:

– Пернеш-ау, бұл баланы милицияның оқуына жібереміз деген жоқ па едік о баста?! – деп оған аңтарыла қарап қалды.

Ал нағашым болса, сол баяғы сабырлы қалпымен маған қарай мойнын бұрып, талабымды құптағандай:

– Қалада бір жаңа мектептің ашылып жатқанын мен де естіп ем. Бірақ, соған аса мән бере қоймаған екенмін. Ал сендер қайдан білдіңдер? – деп сұрады.

– Газеттен оқыдық!

Нағашымның мынандай ыстық пейілінен кейін көңілімді торлаған қорқыныш сейіліп, сол баяғыдай бала қалпыма қайта оралып, емін-еркін еркелей бастадым.

– Жақсы, – деді нағашым басымнан сипап. –Барып көр.

– Үйбай-ау, ары-бері шапқылап, екі ортада шөре-шөре боп, сандалып қалмай ма?! – деп апамның әлі де зәресі ұшып, екі көзі алақандай болып отыр.

Әкем де жамбастап жатқан жерінен бір ырғалып қойып:

– Екі кеменің құйрығын ұстаған адам суға кетеді деуші еді баяғыдағылар, – деді әлсіз ғана қарсылық білдіріп.

Нағашым анық бір шешімге келгендей қолындағы шай кесесін дастарқанның шетіне қойып, болдым дегендей жалпақ алақанымен басты да:

– Милицияның оқуы ешқайда қашпас. Жаңа мектепке барса, барсын. Бағы жанса, баланың алды – кең жазық. Өз жолымен жүруге талпынсын, – деп әңгімесін түйіндеді де, апама қарап: –Баяғыда милицияның оқуына барамын дегенімде, бәрің шошып: «Ойбай-ау, көшеде мас боп жатқан кісілерді сүйрелеп, қара мәшинеге тоғытудың да оқуы бар ма еді?!» деп едіңдер?! Енді келіп, ата-бабамыздан бері кәсіп қылып келе жатқандай «мілиса, мілиса» дейсіңдер, – деп екі иығы селкілдеп, бар ынты-шынтысымен күліп алды.

Осыдан соң апамның да көңілі аздап жайланғандай өткен-кеткенді есіне ала отырып:

– Кім біледі, әр  заманның өзіне тән жаңалығы мен жақсылығы бар емес пе, – деп ойланып қалды. – Біздікі әйтеуір, өздерің сияқты жақсы азамат болып өссе деген тілек қой!..

–Оған қам жемеңіз, әпке. Мұратжандардың сапары біздің сапарымыздан да ұзақ, шығатын биігі біздің биігімізден де биік болуы тиіс. Адам, қоғам сөйтіп өсіп, өркендемей ме?!

Содан соң, ол әкем қарап, әдеттегідей жездесініп әзілдейтін әдетіне басып:

– Әр ұрпақ өз уақытының екпіні мен жылдамдығына қарай қозғалады, жезде. Сондықтан, ата-бабаларымыздың: «Екі кеме ұста құйрығын, жетсе бұйрығын» дегенін де ұмытпай жүргеніміз жөн, – деп, өз әзіліне өзі риза болғандай тағы да күлді.

Міне, сөйтіп, менің жаңа мектепке барып, емтихан тапсырып, бағымды сынап көруім керек екендігі күтпеген жерден оп-оңай шешілді де кетті.

Келешегім нұрланып, көкжиектен бір жарық сәуле пайда болғандай таң-тамаша күй кешіп, алдағы күндерге үмітпен қарай бастадым.

Жаңа оқушы 

Күндегісінше мен түсіндіріп, іні-қарындастарым тыңдап, өрік ағашының көлеңкесінде сабақ өтіп жатқанымда ту сыртымнан:

– Тық, тық, – деген дауысты естіп, селк ете қалдым. – Сыныпқа кіруге бола ма?

Жалт қарасам, Ғалымжан екен. Сыныптағы тәртіп бойынша  орындарынан тұрып, өзіне құрмет көрсете қараған оқушылардан – менің іні-қарындастарымнан біртүрлі қысылып, желкесін қасып, ыржиып күле береді.

– Отырыңдар, – дедім мен оқушыларыма қарап. Олар қайтадан өз орындарына жайғасты.

Ғалымжан екеуміздің арамызда бір ауыр үнсіздік орнағандай болды.

Ол тағы да желкесін қасып, қипақтап, «сабақтарыңды бөліп жібердім бе» дегендей ыңғайсызданып:

– Мен... мен бәрін де сырттан естіп, біліп жүрмін, – деді көзінің қиығымен бір шетте отырған ініме қарап қойып. Ол болса, күтпеген жерден ұрлығы ашылып қалғандай екі беті ду етіп, қызарып кетті. – Сондықтан... Қысқасы... Мен де... осында келіп... қатысып жүрсем бе деймін. Екеуміз бәрібір, лицейге бірге барамыз ғой.

– Жақсы, – дедім мен оны мынау ыңғайсыз жағдайдан тезірек құтқаруға асығып. –Кел!.. Анау Қанаттың қасына барып отыр!..

Сол күннен бастап Ғалымжан да біздің «мектепке» келіп, сабаққа үзбей қатысып жүрді.

Басқа оқушыларға қарағанда жауапкершілігі мол, салмақты оқушы болды.

Себебі, оның алдында да менікі сияқты қалайда жаңа лицейге түсіп, оқуым керек деген таудай талап, биік мақсат тұрды емес пе.

 

 Жалғасы бар:

Емтихан

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста