Қазбек Қашқабаев: Емтихан (хикаят)

Қазбек Қашқабаев: Емтихан (хикаят)

Қазбек Қашқабаев: БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ҚОШТАСУ (хикаят)

Соңы.

Басы: 1. БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ҚОШТАСУ

2. Көпті көрген кісі

Емтихан 

Шымкент қаласындағы еңсесі биік, терезелері үлкен, іші жарық, ауасы таза білім ұясы – № 65-ші мектеп-гимназиясына кіріп келеміз.

Лицейге оқуға түсуге үміткер оқушылар бүгін, міне, осы ғимаратта емтихан тапсырады.

Қазір мектеп ауласына жиналған оқушылардың саны қанша болса, оларды ертіп келген ата-аналардың да қарасы сонша секілді.

Тек Ғалымжан екеуміз ғана, менің әкем айтқандай, сыбай-салтаңбыз. Біз үшін, жалпы, біз үшін ғана емес, біздің ауылдың бүкіл балалары үшін ата-ананың жетегінде жүру – жігіттік намысқа сын, біртүрлі ұят нәрсе болып саналады. Сондықтан да кеше кешкілік апам:

– Әй, көкесі-ау, ертең мына балаң қалаға жүремін, емтихан тапсырамын деп отыр. Өзің де бірге барып, мән-жайды біліп, таныс кісілер кездесіп қалса, «мына біздің бала еді» деп, таныстырып қайтпайсың ба, – дегенде, мен тоғандағы балықтай шоршып түскем.

– Керегі жоқ! Өзім барам!..

– Немене керегі жоқ? – деді апам менің бетіме жақтырмай қарап.

– Бізді ертіп барудың керегі жоқ. Ғалымжан екеуміз... – деп мен апамның қадала қараған көзінен жасқанып, мүдіріп қалдым.

Осы кезде қалың құс жастықты жамбастап алып, үйдің төбесіне қарап ойланып жатқан әкемнің маған өзі көмектескендей болып:

– Е-е, бұлар жігіт боп қалды ғой!.. – деп бір ыңыранып қойды.

Шамасы, өзінің де қалаға баруға онша құлқы жоқ сияқты. Апам енді, әкеме қарап: «Әй, осы сендердің-ақ кежегелерің кейін тартады да тұрады!» дегендей үнсіз басын шайқады.

Мұны өзінше түсінген әкем жаңа ғана қарбытып-қарбытып жеген еттің тоқтығымен бір кекіріп алды да:

– Жас кезде жігіт адамның ешкімге масыл болмай, сыбай-салтаң жүре бергені жақсы, – деп, қалтасынан мәсуегін алып, тісін шұқуға кірісті.

Енді міне...

Ғалымжан екеуміздің де көзіміз анық жетіп тұр, ата-аналарымыздың бұл жаққа келіп, құр босқа әуре боп, алдын ала уайымдап, шаршап-шалдығып жүруінің түкке де қажеті жоқ екен.

Тіркеу қағазындағы тізім бойынша мұғалімдер бізді сапқа тұрғызды да, аты-жөнімізді атап шақырып, топ-топқа бөліп алып кетті. Әр топқа бөлінген  арнайы жетекші бар екен. Әне, сол жетекші ағайымыздың бастауымен жап-жаңа мектептің табалдырығын аттаған кезде көңіліміз қобалжып, айналамызға жаутаңдап қарай бастадық.

Иә-ә, мынандай кең, жан-жақты жабдықталған мектепте оқудың өзі де бір бақыт емес пе деген ой келеді. Және, сонымен бірге, шіркін-ай, емтиханнан өтіп, жаңа лицейге қабылдансақ екен деген тәтті арман да бұғып жатыр кеудемізде.

Міне, осыдан соң-ақ, япыр-ай, түсе алмай қалсақ қайтеміз деген қорқыныш пайда болады.

Емтиханның аты – емтихан. Ауылдан келдің бе, қаладан келдің бе, ата-анаңа еріп келдің бе, жоқ әлде, бізге ұқсап сыбай-салтаң келдің бе, бәрібір!..

Кенет біздің осы ойымыз бен көңіліміздегі қорқынышты алдын-ала сезіп, біліп қойғандай-ақ, жетекші ағай-апайларымыз әрбір балаға бір-бір шоколад пен ұшы сүп-сүйір болып ұшталған қарындаш тарата бастады.

Сонымен қоса, әрқайсымыздың бетімізге күлімсіреп қарап:

– Мына, шоколадты жеп алыңдар. Сонда көңілдерің орнына түсіп, жүректегі толқу мен үрей басылады, – деп қояды.

Бұл сыйлық, шынында да, біздің көзімізге ыстық көрініп, езуімізге күлкі үйірілді. Сыртында «Хобби» деген жазу бар, әдемі жылтыр қағазға оралған мынандай шоколадты өмірімізде бірінші рет көруіміз. Тіпті, жеуге қимайсың.

Осы сәтте менің есіме биыл жазда үйдегі іні-қарындастарыма: «Егер менің сабағыма қатысып, жақсы оқушы болсаңдар, кейін қаладан әр түрлі сыйлық, базарлық әкеліп берем!» деген сөзім түсіп, әлгі шоколадты жып еткізіп, қалтама сала қойдым.

– Ал қане, аздап тынығып алған болсаңдар, енді емтихан тапсыратын залға барайық, – деді алғаш көргеннен-ақ жүзінен мейірім шуағы төгіліп, бізді жылы қабылдаған жетекші мұғаліміміз.

Біз тізіліп, бұрын-соңды көрмеген бір үлкен залға қарай беттедік.

Шіркін-ай, кімнің бағы жанар екен?!

Тап осы кезде балаларына терезеден қарап, қол бұлғап, тілекші болып тұрған ата-аналарды көріп, менің ішімде бір беймәлім, құпия қызғаныш оянғандай болды...

Япыр-ай, біздің әке-шешеміз де келгенде болар ма еді. Үлкен кісілердің тілеулестігі, қанша дегенмен, көңілге медеу екен ғой.

 

Тест 

Бұл – 1993 жылдың жазы болатын. Еліміздегі білім беру жүйесіне әлемдік стандарттар мен жаңалықтардың біртіндеп ене бастаған кезі.

Біз құжат тапсырған қазақ-түрік лицейінің сынағы да жаңаша – тест тапсыру жүйесі бойынша өтті.

Бұрын мұндайды кім көріпті? Себебі, Қазақстанда алғаш рет қолданылып отыр ғой.

Емтихан өткізуге жауапты ағайлардың бірі тақтаның алдына шығып, бізге тестік жүйенің тәртібін қысқа да нұсқа түрде түсіндіріп өтті. Ғажап-ақ дүние! Ойлап қарасаң, қиналатын түгі де жоқ секілді. Бізге ұсынған сұрақтың астында төрт түрлі жауабы көрсетілген. Солардың ішінен дұрысын таңдайсың да, қолыңдағы ұшы өткір қарындашпен белгілеп қоясың. Сонымен, бітті! Жауап дайын.

Тақта алдында тұрған ағай бізге тіпті, дұрыс жауапты қалай белгілейтінімізге шейін ап-анық етіп көрсетіп берді.

Оу, мынау, оп-оңай дүние ғой дейміз ішімізден қуанып. Бәрі де көз алдыңда. Сұрақ та нақты, жауап та анық. Тек, дұрысын таңда да, белгі соға бер.

Былай қарасаң тіпті, «дайын асқа тік қасық» болудың нақ өзі!

Әйткенмен...

Бұның да бір қулығы, ішіне бүккен сыры бар секілді. Өйткені, «Төрт қате жауап берілген жағдайда, сіздің бір дұрыс жауабыңыз жойылады. Турасын айтқанда, төрт қатеңіз бір «дұрыстың» қол-аяғын буып, өздерімен бірге ала кетеді» деген ережесі  бар.

Ал әйтпесе!.. Жаңағы дайын асқа қарай созылған тік қасығыңызды байқамай майыстырып алуыңыз да оңай деген сөз ғой бұл!..

Мұны естігенде әрине, дандайсып отырған көңіліміз басылып, ішімізге сумаңдап бір күдік кіргендей жиырыла қаламыз.

Әне, сөйтіп, әрі-сәрі болып отырғанымызда, ал қане, емтихан басталды деген белгі де берілді.

Осы сәт, қайдан есіме түскенін кім білсін, апамның әдетте бір маңызды істі бастайтын кезде айтатын бір сиқырлы сөзі ойыма оралып, мен де: «Бісмілла!» деп қолыма қаламымды алдым да, нартәуекел деп кірісіп кеттім.

Үлкен сыныптың іші сыбыр-сыбыр, тысыр-тысыр еткен үндерге толып кетті. Тап бір, қыбырлап, жыбырлап табанымыздың астында мың сан тышқан жүгіріп жүргендей.

Жо-жоқ, бұл, әрине, тышқан емес. Кең, жарық сыныпқа үлкен үмітпен кіріп, емтихан тапсыруға кіріскен балалардың қолындағы қаламы ғой. Бірі тоқтаса, бірі жорғалап, бірі ойланса, екіншісі тәуекелге бел буып, сытырлатып, жорғалап жазып жатқан жоқ па?!

 

Үміт пен күдік 

Біздің ендігі маршрутымыз сіздерге жақсы таныс, қымбатты оқырман. Ғалымжан екеуміз аудан орталығына қарай қайтып келеміз. Сол жерден ауылға қатынайтын Төлеген көкеміздің автобусына мінеміз. Оның жайы белгілі.

Ал әзірге екеуміз қалааралық бағытта жүретін үлкен «Икарус» автобусының артқы жағында отырмыз. Ішімізде үміт пен күдік арпалысып жатыр.

Емтиханды қалай тапсырдық? Белгілеген жауаптарымыз дұрыс па, жоқ па? Кім біліпті...

–Ей, айтпақшы, – деді кенет Ғалымжан есіне бірнәрсе түскендей орнынан қозғалақтап, қалтасына қолын салып. – Жаңағы берген шоколадты  жемейміз бе?..

Сөйтті де, сыртында «Хобби» деген жазуы бар, сытырлаған әдемі қағазға оралған шоколадты жарқ еткізіп, қалтасынан суырып алды.

Мен болсам, жемеймін дегендей басымды шайқадым. Ол маған таңдана қарап:

–Неге? – деді. – Емтиханнан өте алмай қаламын-ау деп уайымдап отырсың ба? Әй!.. Қойшы соны! Өтсек, өтерміз, өтпесек, бір шикалатын жеп кеттік деп, айта жүрерміз!

Ғалымжан күліп, «Хоббидің» қағазын аша бастады. Осы кезде мен оған:

–Жазда өзім мұғалім болып, сабақ бергенде, қаладан сендерге сыйлық әкеліп тұрам деп, уәде беріп ем «оқушыларыма». Ендеше, алғашқы сыйлығым осы болсын. Соларға апарамын. Ал сен жей бер, – дедім.

Шоколадты аузына енді апара берген ол қалт тоқтап, маған аңтарыла қарады.

–Оны неге ертерек айтпадың? Қап, әй!..

–Не болды?

–Мен шикалатымның қағазын ашып қойдым ғой.

–Онда тұрған не бар?

–Ұят болатын болды.

–Кімнен?

–Мен де соларға беруім керек еді, – деп Ғалымжан енді қолындағы шоколадқа бір, жыртылып қалған қағазына бір қарап, ойланып қалды.

–Ештеңе етпейді, өзің жей бер. Кейін дәмі қандай екенін маған айтып бересің, – деп күлдім мен.

–Ә-ә, иә, иә, – деді Ғалымжанның көзінде бір ұшқын жылт ете түсіп. –Мен де саған оқушы болған жоқпын ба. Ендеше, осы шикалаттың жартысын  өзімнің мұғаліміме сыйлаймын!

Сөйтті де, ол қолындағы шоколадты ортасынан қақ бөліп, жартысын маған ұсынды.

«Хоббидің» дәмі тіл үйіреді екен. Өз «оқушым» ұсынған шоколадты қытырлатып жеп отырып: «Бұл, расында да, жақсы сыйлық болатын болды» деп ойладым үйдегі іні-қарындастарымды есіме алып.

Жалғасы бар.

Қазбек Қашқабаев: БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ҚОШТАСУ (хикаят)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста