Ыдысты сындырып, үйді шашқан кім болды екен?
Көпшілік қалаға көшіп жатқан соң, 2000 жылы біз де Алматыға көшпек болдық. Ондағы ойымыз - саудамен айналысу. Ауылда да кәсібіміз сол болған. Бала-шағаны ауылдағы ата-анамызға қалдырып, әйеліміз екеуміз Алматыға келдік. «Крышаны» алып ақшамызға шақ үй іздей бастадық. Үйдің қай жерде орналасқаны біз үшін аса маңызды болған жоқ. Өйткені, біздің ақшамыз қала шетіндегі ескі үйлерге ғана жететін еді. Бірақ құдай сәтін салам десе ештеңе емес екен. Газеттен біз іздеген бағаға 4 сотық жері бар үш бөлмелі үй сатылатынын көзім шалып қалды. Үй Рысқұлов көшесінен сәл төмен орналасқан екен.
Үй иесіне телефонмен хабарласып, баратынымызды айттым. Көшеге шығып, таксиге отырып, көрсетілген мекен-жайға жеттік. Есік алдынан бізді орта жастағы ер адам күтіп алды. Үй иесі орыс екен. Ол біз келген соң есіктегі құлыпты ашып жатып, өздерінің қала ортасынан үй алып, сонда көшкенін, бұл үйде екі айдан бері ешкім тұрмағанын айтты. Үйдің іші тозған екен. Ақтап, сырлауды қажет етеді. Бағасын түсіруді ойлап, сол кемшіліктерді тізбектеп жатырмын. Ол да «иә, иә» деп басын изеп, қарсы дау айтпайды. Сол сәтті пайдаланып, хабарландыруда көрсетілген бағадан 500 доллар кемге сұрадым. Үй иесі ойланбастан жарайды деп келісті. Қуанып кеттім, бірақ соңынан «мың долларға арзан сұрауым керек екен» деп өкініп қалдым. Әйелімнің де көзінен соны байқап тұрмын. Бірақ енді қайтар жол жоқ. Қол алысып, кепілге 200 доллар беріп, ертең құжаттарды рәсімдейміз деп келістік. Ертеңінде нотариусте құжатты рәсімдеп, БТИ-ге тапсырдым. Ондағылар менің атыма аударылған құжат 15 күннен кейін дайын болатынын айтты. Ал оған дейін, біз үйге жөндеу жүргізіп алайық деп шештік.
БТИ-ден шыққан бойда жаңа үйімізге бардық. Көптен адам тұрмаған соң үйдің ауласында шөп өсіп кеткен. Үйдің іші де тозған. Алдымен үй ішін жөндеуден бастайық деп шештік. Сонан соң үй жөндеуге қажет заттарды сатып алу үшін базарға бардық.
Керек заттардың бәрін алып, үйге келгенімізше, кеш болды. Үйдің ішін сыпырып тазалап, ауылдан келген палас үстіне көрпе төсеп, алғаш өз үйімізде қонып шықтық. Үйдің ішін сылап-сырлауға үш күн кетті. Одан үйдің сыртын жөндеуге кірістік. Құлаған сылақтарын қайта қалпына келтірдік. Сылақ кепкенше, екі күн ауланы тазаладық. Әрі-берісі он күнде үйімізге кәдімгідей көрік кіріп қалды. Келешекте қасынан тағы екі бөлме қосып, үйді кеңейту жоспарын да ойластырып қойдық. Үй дайын болған соң ауылға барып, қажетті заттарымызды алып, Алматыға толықтай көшіп келдік. Базарға орналасып, жұмысымызды жүргізіп алғанша, балаларды ауылда қалдырдық.
Көшіп келген күні кешке базарда жұмыс істеп жүрген екі жолдасым келді. Ертеңінде солардың көмегімен базардан орын алдық. Тауар алатын жердегі кісілермен де таныстырды. Таңертең тауарды алып, кешке ақшасын береміз. Қалған тауарды қайта тапсырамыз. Тауар алу үшін ерте барамыз, тапырамыз дегенше кеш болады. Тамақты базардан жеп, үйге қонуға ғана келеміз.
Сабақ басталатын болған соң екі айдан кейін ауылдан балаларды әкелдік. Үйден қашық болса да қазақ мектебіне орналастырдық. Үлкен қызымыз 7 сыныпта, бір ұлымыз алтыншы, кішісі төртінші сыныпта оқиды. Жұмыс тауып, балаларды мектепке орналастырып, көңіл жайланды. Солай күндер өтіп жатты.
Бір күні түн ортасында, ас бөлмеде ыдыстың сынған дауысы естілді. Бір нәрседен секем алғандай болдым. Барып қарасам төрт шыны ыдыс сөреден түсіп сыныпты. Дұрыстап қоймайсың ба деп әйеліме сөйледім. Келесі күні түн ортасында тағы да сынған ыдыстың дауысынан шошып ояндым. Барып қарасам алты кесе сынып жатыр. Тағы әйеліме ұрыстым.
Арадан екі күн өткенде, түнде әйелім түртіп оятты. Үрейлі көзбен «жаңа ғана біреу біз жатқан бөлменің есігін ашып, қайта жапты» деді. Бірден ұры болар деген ой келді. Ақырын орнымнан тұрып, қолыма гантельді алдым да, дәлізге шықтым. Тың тыңдадым. Ешқандай бөтен дыбыс есітілмеді. Шамды жақтым. Тым-тырыс. Ақырын басып, балалар жатқан бөлмеге барып, шамын жақтым. Балалар ұйықтап жатыр. Бөтен ешкім жоқ. Ас үйге бардым. Тым-тырыс. Жатын бөлмеге қайта келдім. Әйеліме «саған солай көрінген шығар, ешкім де жоқ, ұйықта» дедім.
Сенбі күні базарда бірге істейтін жолдасымның үйіне қонаққа бардық. Түнде үйге кештеу келдік. Үйге кірсек, үйдің іші астаң-кестең. Үйге біреу кіріп, ақтарған сияқты. Ұры түсті деп ойладық. Әйелім алтын заттары мен ақшаны қарады. Орнында екен. Оған да тәубе дедік. Теледидар мен видеомагнитафон да орнында тұр. Киімдерді қарадық, бәрі орнында сияқты. Сонда не іздеген деп ойладық.
Ертеңінде болған жайды көршіге айтып, «бөтен ешкімді байқамадың ба?» деп сұрадым. Ол менің бетіме қарап тұрды да, «саған қалай айтуды білмей жүр едім» деді. Мен жалма-жан нені дедім. Сөйтсем бұл үйдің сыры бар екен. Көршінің айтуына қарағанда, бұл үйдің тұрғызылғанына 5-6 жыл ғана болыпты. Екі жылдан кейін осындай жағдай басталған. Сонан соң үй иелері бұл үйден көшкен. Кейін жалға берген екен. Бірақ жалға алғандар да екі-үш айдан артық тұра алмаған. Кейін бұл үй жайлы әңгіме тараған. Сонан кейін бұл үйді сатып алам деген де, жалға алам деген де адам болмапты. Сол себепті бұл үй бос тұрған. Арзан сатыуының да себебі сол екен.
Қорқып қалар деп бұл жайлы әйеліме айтпадым. Дүйсенбі күні мал сойып, құран оқытып ас бердік. Түсініксіз құбылыстар тыйылғандай болған. Бірақ қуанышым ұзаққа созылмады. Демалыс күні түнде тағы ыдыс сынды. Ыдыс-аяқ жиналған шкаф төңкеріліп жатыр. Шыны ыдыс атаулының бәрі сынған. Келесі күні кешке жұмыстан келсек, үйдің ішінде киімдер шашылып жатыр. Әйелім балаларға ұрыса бастады. Бірақ балалар мектептен келгенде үйдің осылай шашылып жатқанын айтты. Әйелім сенбей балаларды ұрысып жатыр, мен үнсізбін, өйткені мұның сырын біліп тұрмын.
Ертеңіне жұмысқа барғанда әйеліме көршінің әңгімесін айтып бердім. Әйелім де бірдеңеден сезіктеніп жүргенін айтып, бірден бұл үйден көшейік деді. Мен де келістім. Үйді сату туралы жарнама бердік. Тез сатылсын деп бағасын да арзан етіп қойдық. Сол күннен бастап балалармен бір бөлмеде жататын болдық. Бірақ балаларға ештеңе деп айтқан жоқпыз. Үй бір айда сатылды. Бірақ сол бір ай ішінде ыдыс атаулы сынып бітті. «Үш күнен кейін көрге де үйренесің» демекші, күнде таңертең, кешке жұмыстан келгенде киім-кешектің шашылып жататынына үйреніп те қалдық. Түнде тасыр-тұсырға да мән бермейтін болдық.
Сол үйдің ақшасына басқа үй сатып ала алмайтын болған соң, қайта ауылға көштік. Оның үстіне әйелім де «балалардың амандығы керек, ауылға көшейік» деп отырып алды.
Кейін ол үйдің не болғанынан хабарым жоқ. Сатып алған адамға обал жасадым ба деп ойлаймын. Бірақ менің басқа амалым да жоқ еді.