Бұл оқиға соғыстан кейінгі жылдары Марқакөл өңірінде болған деседі. Азын-аулақ қойын, жиырма шақты бұзаулы сиырын бағып, күнін көріп отырған Әбу ақсақал үй-ішімен көктем шыға Алтайдың күнгейіндегі жайлауға қарай ойысады.
Әбу ақсақал малын алдына салып, отбасымен арғы атасынан қалған жайлауға дейін күн жүреді. Барар жолы да өр, қия, тастақ. Самауырдай тастарды ағызып жатқан ағынды суы да бар. Бірақ адам аяғы баса бермейтін шыбынсыз жайлаудағы шөптің қалыңдығы сондай, ат омыраулап жарып өте алмайды екен.
Әбудің отбасы жайлауға көз байлана ат басын тіреді. Ақсақалдың жалғыз қолқанаты - он үш жастағы немересі Айжас маңайдан кепкен ағаш теріп әкеліп, от жақты. Ат арбадан киіз үйдің жабдықтары мен ас-суларын түсіргеннен кейін, алаулай жанған оттың жанына жайғасты бәрі. Ашық аспан астында отырып кешкі астарын ішті. Әріден әңгімесін бастаған Әбудің әжімденген жүзіне оттың жарығы шағылысады.
Бұл жер - арғы атамыздың иелігінде болған жайлау. Қасиетті жер. Адам атаулы келе бермейді мұнда. Біздің бала күніміз де осында өтті. Көктем мен күзде аңның қоныс аударатын жолы анау қырдың астында, - деп қамшысымен қырдағы жалғыз өскен қарағайды нұсқады.
Ертесінде таудың жұпар ауасын жұта оянған олар шөптің иісі аңқыған шайдан ішісіп, киіз үйлерін құруға кірісті. Айжас болса төбеті Сырттанды ертіп, қой жаюғы кетті. Бір-бірінен айнымайтын күндер осылай өтіп жатты. Әбудің бәйбішесі құрт қайнатып, май шайқап, киіз үйдің маңайынан шықпайды. Тырбыңдаған тіршілігі бітіп берсін бе?! Айжастың кейде балалықпен шыбық мініп, шу-шулеп, маңайдан алыстап кететіні бар. Күшік кезінен асыраған қара ала төбеті қасынан бір елі қалмайды.
Күндердің күнінде Айжас қозы көш жерден қарақат теріп, күн бата киіз үйге қарай беттеді. Жол-жөнекей бірнеше жылғы үйілген көңнің үстінде кеуіп қалған малдың сүйектерін теуіп ойнады. Сол кезде иті әлденені сезді ме екен, абалап үре берді. Сөйтіп жүргенде алдынан кескін-келбеті үлкен кісіге көбірек келетін бала шыға келмесі бар ма?! Үстінде жамау-жамау ескі ішік, басына құлақшыны көтерілген тымақ киген. Айжасқа ұрлана қарады да, шөптің арасына сықылықтай күліп жүгіре жөнелді. Абалап үріп тұрған иті қыңсылаған күйі құйрығымен жер сызып, кері шегіншектей берді. Ғайыптан пайда болған баланың соңынан таңғала ұзақ қарап тұрған Айжас киіз үйге қарай адымдай жөнелді. Бойын үрей билеп кеткендіктен бе, екі аяғы дір-дір етеді. Ғайыптан пайда болған баланың кім екенін түсінер емес. Киіз үйге жеткенше жылап та алды.
Кешкісін дастарқан басында атасы мен апасына көргенін жіпке тізгендей айтып берді. Аң-таң болған Әбу ақсақалдың ойына тымақ киген бала туралы әкесінің бұрынырақта үрейлене айтып берген әңгімесі оралды. Сонда жайлауда жападан жалғыз жүрген тымақты бала кім? Жын ба, шайтан ба?
Автор: Мерей Қайнарұлы, Өскемен