Тылсым дүние мен таңғажайып адамдарды ертегілерден ғана емес, өмірден де кездестіруіңіз әбден мүмкін. Сенбейсіз бе? Онда «Мүмкін емес» жүргізген зерттеу жұмыстарына көз жүгіртіңіз. Соңынан өздеріңіз де куә боларсыздар.
Тоңымды киіп алсам да, тоңып тұрмын. Осындай қақаған аязда жалаң аяқ жүретін адамдар да болады екен. Үскірік аязда жалаңбас, жалаң аяқ қалай жүреді екен? Тіпті, сол қасиеті үшін Голландия азаматы Дэвид Блейн Гиннестің рекордтар кітабына да енген. Оның денесі суықты мүлде қабылдамайды. Неліктен екені дәрігерлер мен мамандарды әлі күнге дейін ойландырумен келеді.
Қысы-жазы жалаңаяқ жүретін қарияны өзіміздің қаладан да кездестіруіңіз әбден мүмкін. Нұрғали Қойшыбаевтың аяқ киіммен қоштасқанына 25 жылдан асқан. «Менің аяғыма қарамаңдар, бар гәп менің басымда»,-дейді ол.
Нұрғали Қойшыбаев, ҚазҰУ физика факультетінің оқытушысы:
-Аяқ киім киіп жүрген кезде күнұзақ жұмыста отырып шыққан соң, шаршау сезінетінмін. Жалаң аяқ жүргелі бері өзімді сергек сезінемін.
Жас кезінде жиі ауыратын қария жалаңаяқ жүргелі бері тұмаудың өзін де ұмытқан сияқты. Нұрғали Қойшыбаевтың физика-математика ғылымына да қосқан үлесі зор. 1964 жылдан бері Қазақ Ұлттық Университетінде дәріс беріп келеді.
Тағы бір таңғажайып құбылысқа назар аударыңыздар. Күнде киім үтіктейтін қарапайым үтік, артық ештеңесі жоқ. Осындай үтік адам денесіне жабысып тұрады дегенге сенесіздер ме? Әрине, мүмкін емес деп ойлайсыздар. Бірақ, келесі кейіпкер осындай бір емес, бірнеше үтікті денесіне жабыстырып жүре алады екен. Себебі, оның денесі магнит сияқты, барлық металдан жасалған затты өзіне тартып алады.
Орал қаласының тұрғыны Қарлығаш Нығметова 8 келіге дейінгі металды денесіне жабыстырып жүре алады. Осы қасиеті үшін 2003-2005 жылдары Қазақстан рекордтар кітабына еніп, «магнит әйел» атанады. Анасының бойына осы бір ерекше қасиет қалай дарығандығы жайлы қызы Сәуле баяндап берді.
Сәуле Губайдуллина, Қарлығаш Нығметованың қызы:
Мені өмірге әкелгеннен кейін анам жиі ауыра бастайды. Үнемі денесі ауыр тартып, шаншу қадалғандай боп тұрады. Дәрігерлер остеохондроз деген диагноз қояды. Анам қойған диагноздарына сеніңкіремейді. 1993 жылы анама Жалкатова Бәтима апайға қаралуға кеңес береді. Бәтима апай «сенің еш жерің ауырмайды, керісінше, сенің бойыңда адам емдейтін биоэнергетикаң көп» дейді. Орысша оқып, тәрбиеленген анама Бәтима апайдың сөзіне сену де оңай болмайды. Анам 1994 жылы Мәскеуде биоэнергетиктердің курсында оқиды. Келгеннен кейін білгендерін алдымен бізге, кейін туысқандарға қолдана бастады. Ауырсақ, дәрі ішпейміз. Анамыз аялы алақанымен өзі емдеп жазады. Қазір адамдарды емдеумен айналысады.
Сараеводан шыққан пойыз рельстен шығып кетіп, апатқа ұшырайды. Осындай апаттан тірі қалудың өзі мүмкін емес. Қолы ғана сынған хорваттық азаматты періштелер қорғаған болар, жалғыз өзі аман қалады. Бір қызығы, одан кейін де 7 рет өлім аузынан аман қалған екен. Өмірдің осындай тылсым оқиғаларына тап болып жатқан азаматтар өзіміздің арамыздан да табылып жатыр. Бір кездері 24 жастағы желең жігіт 1965 жылдың жаңа жылын Өскеменде қарсы алып, мереке күндері аяқталған соң Семейге келіп, Алматыға ұшақпен қайтпақшы болады. Семейдің әуежайында жыл басындағы қарбалас уақыт. Ұшаққа билет те тапшы. 5-қаңтар жұмыс күні деп қайтуға асыққан жандар сарылып жүр. Сәбит Досанов туған нағашысы Бейсенбек Әбеновпен бірге сәті түсіп, ұшақтың ең соңғы орындарына отырады.
Сәбит Досанов, жазушы:
Алматыға келе жатырмыз. Мен сағатыма қарадым, 12-ден 15 минут кеткен екен. «Күтіп ал» деп ешкімге хабар беріп үлгермедім. Бір уақытта бір нәрсе гүрс ете қалды. Әрмен қарай еш нәрсе сезбедім. Бір уақытта қарасам бетонда жатырмын, анадай жерде ұшақ лапылдап жанып жатыр. Нағашым қайда екен деп, атын атап шақырдым. Содан соң тағы да өзімнен кетіп қалдым, бір қарасам ұшақ әлі жанып жатыр екен...
Жанып жатқан ұшақ, өмір мен өлім арасындағы сезім. Есін жиып, еңбектеуге ғана шамам жетті. Көз алдымда ұшақ жарылды. «Жер жаһанды жайпаған өрттен де бір түп жусан аман қалады» дейді қазақ. Өрт шалып, шабындықтың бәрін жайпап келе жатқанда жалғыз түп жусанның аман қалғанын далада талай көргенбіз. Соның бәрі бір Алланың әмірі.
Осы оқиға ажалдан бұрын өлім жоқ екенін растайды. Әйтпесе, 78 жолаушыны жалын құшып, жалғыз жанның тірі қалуы адам айтса нанғысыз дүние. Қазір 72 жасқа келіп, еліне еңбегі сіңген жазушы бір емес, бірнеше рет өлім аузынан аман қалғанын Алланың әмірімен келген тағдырдың сыйы шығар дейді. Қалай дегенмен де, адамның басынан өтіп жатқан осындай түрлі тылсым дүниелерді түсіндірудің өзі қиын.
Ерлан Төлеутай, өнертанушы:
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөз бар. Баянауылдық Мәшхүр Жүсіптің естелігі бар. Бұхараға оқу іздеп барғанда, бір қария келіп, таяғын жерге тақ еткізіп, 73 деп айтты да жоқ боп кетті дейді. Содан 73-ке келгенше не де болса өлмеймін деп ойлаған екен. Сол кісі шынында да 73 жасқа дейін аман жүріпті.
Толқын Аманжолқызы
alashainasy.kz