Бермуд үштағаны жайлы естімеген адам аз шығар. Атлант мұхиты мен Солтүстік Американы бір-біріне жалғайтын – Бермудтан басталып, Порта-Рика аралдары және Маями жағалауына дейін жалғасып жатқан үшбұрышты мүйіс - Бермуд үштағаны деп аталады. Жалпы ел арасында бұл аумақ таралы «шайтан үштағаны» деген қауесет кеңінен тараған. Өйткені, Атлант мұхитының осы бір тылсым аймағында талай кеме мен ұшақ із-түзсіз ғайып болған. Дәл сондай болмаса да, соған ұқсас аумақтар жер бетінде кезігіп жатады. Біздің ауылда да соған ұқсас бір аумақ болған еді.
60-70 -ші жылдары КСРО-да «Мырзашөлді игеру» деген үлкен мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Айналасы 10-15 жылда Мырзашөлдің мидай жазық даласы мақта егістік алқабына айналып, қаптаған қала тектес ауылдар (совхоздар) бой көтерді. Су, газ құбырлары тартылып, тас жолдар төселді. 70-жылдың басында бұрынғы тұрған ауылымызды бұзып, ауыл тұрғындарын жаңадан салынған қала тектес ауылға көшірді. Бұрынға жазықтағы дала жолы теп-тегіс тас жолдармен алмасты. Ауылдардың арасын түгелдей тас жолдар жалғап жатты. Сол бір тақтайдай тегіс біздің ауданды көрші ауданмен жалғап жатқан күре жолдың бойындағы бір бөлігі жол апатының жиі орын алуымен аты шыққан еді.
Ол кездері көлік аса көп болмаса жа, жолдың сол бөлігінде бір-бірімен қарсы келген көліктер жиі қақтығысып қалатын немесе көліктердің ешбір себепсіз жолдан шығып кету жағдайлары жиі орын алатын. Жол апатына түскен жүргізушілер не жағдай орын алғанын, қалай болғанын түсіндіре алмайтын. Ай сайын екі-үш апат болып тұрады. Жыл сайын үш-төрт адам опат болатын. Қайтыс болған кісілердің туыстары сол жерге мал апарып сойып, құран оқытып та жүрді. Алайда көлік апаты онымен азая қоймады. Одан кейін де, молданың айтуымен, қанын жолға ағызып жол үстіне қара малды бауыздап та көрді. Оның да пәлендей пайдасы болмады.
Күндердің-күнінде сол жерде апатқа ұшыраған Тоқтыбай деген жігіт жолдың көз алдында екіге айырылғанын айтқан. Сол күні ол әйел-баласын облыс орталығына базарға апарып қайтып келе жатады. Түс мезгілі. Жолдың ешқай бағытында да көлік болмаған. Сол бір қауіпті тұсқа жақындағанда сақтық жасап, жылдамдықты да азайтады. Бір кезде көз алдында жол екіге айырылады. Сасқалақтап, көлікті қай жолға бұрарын білмей, бірде оңға, бірде солға бұрады. Нәтижесінде көлік рөліне ие бола алмай, көлік аударылады. Алла сақтап, көлік ішінде болған екі баласы дін аман қалады. Алайда, өзінің қабырғасы, әйелінің қолы сынады.
Осы бір жағдайдан кейін Тоқтыбай түс көреді. Түсіне бір қария еніп, жолдың сол тұсында өте қасиетті бір кісінің моласы болғанын және жолды басқа жерден салмайынша, апат тоқтамайтынын айтады. Бұл түстің жай емес екенін сезіп, Тоқтыбай таңертең ұйқыдан тұрған бойы молданың үйіне барады. Көрген түсін молдаға айтады. Молда ауыл ақсақалдарын жиып, осы мәселені аудандық атқару комитетіне жеткізуді сұрайды.
Арадан көп өтпей жергілікті ақсақалдар комитетінің төрағасы, аудандық мәслихат депутаттары, ішкі істер органы, жол құрылыс мекемесінің басшылары аудандық атқару комитетінде бас қосып осы мәселені талқылайды. Жиында жолдың сол бір бөлігін бұзып басқа жерден қайта салу туралы шешім қабылданады. Сол жылы жазда жолдың төрт шақырым жері бұзылып, қатерлі тұсты айналып өтетін етіп қайта салынды. Мал сойып, құрбандық шалып, бұрынғы жолдың орнына тас орнатылып, белгі қойылды. Сол-сол екен ол тұста жол көлік апаты күрт тыйылды.
КСРО тарап, одақтас республикалар өз алдына жеке мемлекет болған кезде Мырзашөлдің басым бөлігі Өзбекстанда қалып қойды. Біз тұрған ауыл да Өзбекстан құрамында қалды. Сол себепті 90-жылдардың ортасында біз Қазақстанға көшіп өттік. Ауылдан көшкенге дейін жолдың сол тұсында көлік апаты орын алғаны жайлы естіген емеспін.
Тылсым құдіретпен екіге айырылатын жол
Последние статьи автора